Басты тақырып

АБЗАЛ ЖАНДАРДЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН КҮН

Қашанда мерекелерін айрықша атап өтетін аудандық аурухана ұжымы бұл жолы да кәсіби мерекелерін ерекше атап өтті. «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында ән мен биге өрілген шара марапатпен ұласты.

Мерекелік іс шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін аудандық ауруханасының эндокринолог дәрігері Күланда Досоваға тақса, аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлының Алғыс хатын бір топ медицина саласының қызметкерлеріне табыстады.
Ал, аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев медицина саласының әртүрлі буынында еңбек ететін бірнеше қызметкерге Алғыс хаттарын, арнаулы сыйлықтарын тапсырды. Келесі кезекте, Ойыл аудандық мәслихатының төрағасы Сәкен Займолдин, «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналиндер де ақ халатты абзал жандарды марапаттан тыс қалдырмады.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай, аудандық денсаулық саласындағы ұзақ жылғы абыройлы еңбегі үшін Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Г.Сүйінтаеваның Алғыс хатымен Жекенді дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері Алмагүл Зұлқарнаева, Шұбарши медициналық пунктінің мейірбикесі Жанаргүл Мұхамбетова марапатталса, «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық атқарушы хатшысы Е.Данағұловтың Алғыс хатымен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жаннат Базарбаева, Құрман дәрігерлік амбулаториясының акушеркасы Замзагүл Жиенғали, жалпы тәжірибе дәрігері Мөлдір Қорғанбаева марапатталды.
Аудан өнерпаздары мен аурухана ұжымының жастары әрлеген шара мерекелік дастархан басында жалғасын тапты.
Гаухар АБАЙҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар