ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

«СПОРТ — ДОСЫҢ, СЕРІГІҢ!»

Әр жыл сайын елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күні аталып өтеді. Аудандық спорт мектебінің алаңында «Спорт досың, серігің!» атты тақырыппен спорт күні кең көлемде мерекелік шаралармен ұштасты. Айтулы шара алдымен спортшылардың велошеруімен басталды.

Денсаулық саябағынан балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне дейін жүріп өткен аудан тұрғындары бұқаралық спортқа деген құрметі мен ыстық ықыласын велошеру арқылы білдірді.
Әрі қарай спорт мектебі алаңындағы мәдени-көпшілік шара марапатқа ұласты. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев барша спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның намысын қорғап, облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген спорт саңлақтары мен жаттықтырушыларына, спорт ардагерлеріне, бұқаралық спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға, спорт жанашырларына алғыс хаттарын табыстады. Спорттың әр түрінен жеткен жетістіктері үшін барша спортшыларға осы жолда төккен маңдай тер, еңбектеріне ризашылығын білдірді. Одан бөлек жастар арасында спорт саласын дәріптеп, оның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандарға, олардың ата-аналарына алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқаны үшін «Ауданға сіңірген еңбегі» төсбелгісімен спорт ардагері Болат Бекетаев наградталса, бұқаралық спорттың дамуына қосқан зор үлесі үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың Алғыс хатымен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол бөлімінің жаттықтырушысы Райымбек Құрманғазин, Айбат Қарабай, Рахат Бақдәулетов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің гір бөлімінің жаттықтырушысы Нұрасқан Сәрсенғалиев марапатталды. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының Құрмет грамотасымен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Шәрбат Болатова марапатталды. Әрі қарай жиылған көпшілік Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ержан Нұрқасовтың нұсқауы бойынша каратэ до шеберлерінің спорттық көрсетілімін тамашаласа, мерекелік шара соңы Ойыл, Қаракемер, Ақшатау ауылдық округі өнерпаздарының «Ауыл кеші көңілді» концерттік бағдарламасына ұласты. P.S Осы күні дәстүрлі садақ атудан қайырымдылық турнирі өтті. Жарыс барысында қайырымдылық жәшігі орнатылып, көрермендер мен спортшылар шараға ақшалай үлес қосты. Турнирден түскен қаржыға спортшыларымыз 3 оқушыға мектеп құралдарын табыстады.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар