ӘлеуметБасты тақырып
«Берік-А»-ның берекеті, Амангелдінің әрекеті
Әлимсақтан әр пенде бай болсам деп армандайды. Ол үшін әрине бірінші мал керек. Қораңда малың болса, қалтаң ақшасыз қалмайды, астыңда қос қостан көлігің, тіпті қалада үйің де болады. Бірақ оған қалай жету керек. Білім бе? Немесе билік пе? Жоооқ. Отар қой, табын табын сиыр, үйір-үйір жылқың болуы үшін бес жыл университеттің қабырғасында қағаз кеміріп, табақтай дипломға ие болып асқан білімді болу шарт емес екен...
Қазақ атам: «Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық — он саулық, үшінші байлық — ақжаулық демей ме? Тап осындай жолмен мақсатқа жеткен адам бар ма дерсіз? Бар. Арамызда жүр. Адамды байлығына қарап бағалайтын бүгінгі қоғамда оның ұстанымын, мінезін екінің-бірі біле бермейді. Қарапайым. Ешкімнің ала жібін аттамаған. Өсек-өтіріктен бойын аулақ ұстайды. Алдына аз ғана мал біте қалса, қалтасына қомақты қаржы түссе, «Аузы қисық болса да сөйлейтін» кейбіреулер секілді «кеудесіне нан пісірмейді». Мұндайды қазақ, «Семіздікті қой көтереді» — дейді. Ең бастысы өз маңдай терімен жиған осынша малдың буына мастанбайды. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» «сортынан» емес. Күнделікті күйбең тірлігін жалғастырып жүре береді. Мен айтқалы отырған кейіпкерім Амангелді Исмағулов тек қора-қора малға емес, осындай қасиеттерге де ие. Нағыз «Бай болсаң, бәсең болдың» адамы.
Бар оқуын ауылда сегіз жылдық мектепті бітіріп, аудан орталығындағы училищемен тәмәмдаған қаракемерлік жігіттің денсаулығынан басқа ештеңесі болмаған. Елмен бірге сонау тоқырау жылдардың қиыншылығын көрді. Балалығы да бір де бар, бірде жоқ ауыл тіршілігімен бірге өтті.
Әскер қатарынан келгеннен кейін Ойыл совхозында жұмысшы болып бастады алғашқы еңбек жолын. Одан кейін екі жыл электрик болды. Бітті. Амангелдінің үкіметтен көрген бар «қамқорлығы» осы болды. Сол кездегі «сокращение» қасындағы екі-үш адамымен бірге қағып түсті.
Ұжымшарлар ыдырап, жұмыс азайып жұрттың жадағай күйге түсіп жатқан тұсы. Не істемек керек?
Сол екі ортада отау құрып, үйленген Амангелді көп ойланбады. Бір жағы жастықтың қызуымен бірден тәуекелге басты. Бір емес, бірнеше рет «тас жұтуға» тура келді. Ол жылдары басқалай жол да жоқ еді.
«Совхоз жекешеленіп жатқанда жұмыс істеймін дегендерге жүк көлігін, трактор, басқа да ауылшаруашылық саласындағы техникаларын сатып жатты. Сондағы бір байқағаным ешкім тракторға қызықпады. Ал біз ағайындылар болып ортақ бір трактор сатып алдық. Содан бастап бар жұмысымыз шөп шабу, мал бағу қарекетімен кетті. Ол кезде ауламызда екі үш сиыр, аз ғана ұсақ жандықтан басқа ауыз толтырып айтарлықтай ештеңеміз жоқ. Жыл сайын әйтеуір мал басын көбейтуге тырысумен болдық. Сөйтіп бірте-бірте кәсіпкерліктің көшіне ілестік» — деп бастапқы жылдарын еске алады Амангелді.
Ол мал санын арттыру үшін ерте тұрып, кеш жатыпты. «Мал өсірсең — қой өсір, өнімі оның көл көсір» деген мал баққан бабаның қағидасын ұстанған шаруақор жігіт қарапайым дәлелін де айтып берді.
«Қойдан пайда бар. Біз бірінші қойды көбейту үшін қыста туғыздық. Қыста туған қозы ерте жетіліп сатуға дайын тұрады. Сосын ерте туған қозы күзде тоқты болып ол да қашады. Сөйтіп келесі қыста қойың да, қозың да төлдеп тұрады. Бұл жерде уақытты ұтасың. Бірақ бейнетті де көресің» — дейді өзі.
Әрине бейнетсіз зейнет жоқ. «Мал баққанға бітеді». Малдың санымен қатар сапасына көңіл бөлген ол тұқымын асылдандыруды қолға алды. Тынымсыз тірліктің нәтижесінде Амангелді қазір Кішіащысайдың бойын малға толтырып отыр.
Біз жайлауға барғанда қойы төлдеп жатыр екен. Тұрақты малшылары бар. 6 адамды жұмыспен қамтиды. Жұмысшылары да өз шаруаларына тастай болса керек. Бейберекет, араласып жүрген мал көрінбейді. Жаңа туған қошақандар енесін түртіншектеп ауа-райының сәл салқындығын елең қылмай тұр. Амангелді малшылары жайлы жаман айтпайды. Олардың істеріне риза екендігін сөз арасында байқатып қояды.
«Шүкір, алды он жылдан бері келе жатқан жұмысшыларым бар, Трактористерім де еңбекқор кісілер. Бір-бірімен санаспайды. Үй болғасын қонақ келеді, қонаққа барады. Басқа да шаруалары болады, сол кезде бірінің шаруасын біріне кезектесіп тапсырып жүре береді» — деген Амангелді мұндай адал, еңбекқор жұмысшыларына сараңдық танытпайды екен. Айлығынан бөлек қыс түсе бір жабағы соғым сыйлығын береді. Одан бөлек отбасы мүшелерінің туған күндеріне бір- бір Шопан атаның тұқымын атап отыратын мырзалығы да бар. Мал бақсаң, мал сені бағады, ал иесі де сені бағалайды.
Адам болғасын «проблемасыз болмайды. Кейде әртүрлі жағдайлар болып жатады. Аяқ асты бір жаққа баратын болса, апарып әкеледі.
Амангелдінің үшінші байлығы Айнаш атты жары. Осынау істі бастағаннан бері шаруаның ыстық-суығын отағасымен бірге көріп келеді. «Үйдің берекесі әйелге де байланысты» — деп шүкіршілік ететін Амангелдіге төртінші байлық қылып екі ұл, екі қыз сыйлады. Өткен жылы отау құрған үлкен ұлы Айдос Базартаев қалада тұрады. Қазақ күресінен «Ойылдың барысы» атанған ол спорт саласында жұмыс жасайды. Осы малдың арқасына сол баласына да, қаладағы студент қызы Әйгерімге де үй сатып әперген. Екінші ұлы Айзат студент болса, үйдің кенже Ақеркесі балабақшада. Қаладағы қос ұлы келсе, малды ауылдың шаруасына бірден кірісіп кетеді. Амангелді балаларын еңбекке солай үйреткен. Бұл бір жағынан малшылардың да қолын шамалы уақыт ұзартып тастайды.
Қыстағы ауылдың іргесінде. Ауыл тұрғындарына еш зияны тимейді. Өйткені өзіне тиесілі жерді түгел қоршап тастаған. Жекенің малына қосылмайды. Ал, малды сәуір туысымен жайлауға алып кетіп, қыс түсе ауылға әкеліп бірден шөпке тұрғызады. Мал бордақылайтын қора жайы бар. Арнайы мал егетін, қан алатын алаң жасақтап қойған.
Шаруа иесі малдың жем шөбіне тарылған емес, мол, күтіміне де баса көңіл бөледі. Жыл сайын қора-жайларына уақытылы санитарлық тазалық жүргізеді. Атшаптырым аулада артық-ауыс қыстық қалдығы жоқ, тап-таза. Сондықтан да қожалықтың малдары жаман аурудан дін аман.
«Қазір жұмыс жасаймын деген адамға үкіметтің мүмкіндігі көп қой. Жергілікті әкімшіліктен қолдау бар. Мен өзім аудандағы алғашқылардың бірі болып «ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алдым. «Ойыл-несие» несие серіктестігі арқылы техникамды жаңарттым. Малдың бейнетінен қашпау керек. Әр қиындықтың артында бір рахаты болады» — деген Амангелді ағамыз осындай жетістікке тек еңбекпен жеткенін айтады. Қазір туып-өскен жері Қаракемерде тұрады. Азық-түлік дүкені ауыл тұрғындарына үздіксіз қызмет етіп тұр. Ауылдық округ аумағында ұйымдастырылған шараларда демеушілік көрсетіп, қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емес. Көмекке мұқтаж жандарға әркез көмегін беріп отыратын жомарттығы және бар. Кәсіпкерлік саласында осындай белсенділік көрсетіп жүрген ол ауылдастарының да, жергілікті басшылық тарапының да алғысына бөленіп жүрген жан. Өткен жылы аудандағы кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтің алғыс хатымен марапатталды. Мұндай құрметтерге кенде емес.
180 бас ірі қара, 8 үйір жылқы 700-ге тарта қой жайлаудың сәнін келтіріп тұр. Қазір қойы қоздап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап жатқан «Берік-А» шаруа қожалығы бүгінгі таңда берекетін осы малдан тауып келеді.
Самат НАРЕГЕЕВ.