ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпМәдениет
ОЙЫЛДЫҢ САХНАСЫНДА «КЕЛІНДЕР КӨТЕРІЛІСІ»
Жуырда Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры өзбек жазушы-драматургы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» атты комедиясын аудан тұрғындарының назарына ұсынды.
Рухани нәрге шөлдеген көрермен залға толы жиналып, спектакльдің басталуын асыға күтті. Қойылым басталған сәттен бастап халықтың езуі күлкіден жиылмады.
Қойылымда ата дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылады. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырады. Мұңды комедия ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетеді. Адам баласының еркіндігі, іс-әрекеті, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Бас кейіпкер – Фармон-бибіні «Құрмет» орденінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Майгүл Мұзбаева сомдады. Қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Мейрамбек Хабибуллин. Cуретшісі – Абылайхан Аманжол.
Қойылым соңында аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы тұрғындар көңілінен шыққан туындыға ерекше алғысын білдіріп, «Алғыс хатын» табыстады. Сонымен қатар, «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік арнаулы сыйлығын тарту етті.
P.S. Қойылым Саралжын, Көптоғай ауылдық округтерін де жалғасын тапты.
Г.АБАЙҚЫЗЫ.