ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпЭкономика

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН КЕШ ОЙЛАСАҢ…

2023-2024 жылдардағы мал қыстату кезеңіне Ойыл ауданы бойынша 70,4 мың шартты бас ауылшаруашылығы жануарлары түседі деп көзделуде. Бұл көрсеткіш өткен мал қыстату науқанымен салыстырғанда 10,4 пайызға артық. Биыл аудан бойынша мал қыстату науқанына 215,1 мың тонна жыл жарымдық шөп дайындау тапсырмасы берілді.

Бүгінде аудан бойынша 69,2 мың тонна шөп дайындалып тапсырма 32,7 пайызға орындалды, шөп дайындау жұмыстары шаруашылықтарда енді қарқын алуда, тапсырма мерзімінде орындалады деп ойлаймыз.
Шабылған алқаптан шөптің орташа түсімі 3,5-4,0 центнердің жобасын құрап отыр.
Ауданда мал азығын дайындауға жер көлемі, қажетті техника және жұмыс күші жеткілікті.
Мал азығын дайындау барысында шаруашылықтар мен тұрғындар қолда бар мүмкіншіліктерін барынша тиімді пайдаланып, қысқа мерзімде мал азығын дайындап, жинап алулары қажет.
Аудан әкімінің қаулысымен жеке тұрғындардың ауылшаруашылық жануарларын мал азығымен қамту мақсатында қосымша мемлекеттік жер қорынан 8500 га шабындық жер мал азығын дайындауға атсалысып жүрген жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарға уақытша қысқа мерзімге шөп шабу мақсатында жалға берілді.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы техникаларының дайындығын және өртке қарсы іс- шараларда ұйымдастыруды, жайылым алқаптарын жасақталған жоспарға сәйкес пайдалану, қысқы мал азығын дайындау барысын қадағалау үшін жергілікті атқарушы орган, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысумен жұмысшы топтары құрылып, бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күнге аудан бойынша мал азығын дайындау науқанына 113 бригада шығып, 132 трактор, 120 трактор тіркемесі, 113 шөп шабу агрегаты, 63 шөп тайлағыш агрегаттары жұмылдырылуда.
Қажеттілігіне қарай мал азығын дайындауға әлі де қосымша бригадалар шығатын болады.
Ағымдағы жылы шаруашылық субъектілеріне мал азығын дайындау жұмыстарына бір литрі 269,00 теңгеден белгіленген 1056,0 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр.
Табиғи мал азығын дайындаумен қатар, «Тәжібай-Агро» ЖШС, «Еңсеген» АӨК, «Ақорын» ШҚ, «Орынша» ШҚ, «Көбек» ШҚ және «Атамекен» шаруа қожалықтары арпа, біржылдық және көп жылдық екпешөп дақылдырын егіп, мал азығының сапасына мән беріп отыр.
Көріп жүргендей жыл сайын мал азығы бағасы қымбаттауда, бір көлік шөптің орташа бағасы ауданда 50 мың теңге көлемінде.
Бұл дегеніңіз егерде екі сиыр, оншақты қой, бір жылқыңыз болса, сізге кемінде 3-4 көлік шөп керек.
Одан басқа жем, күрпі секілді басқа да азық түрлері бар.
Ауданда жаз басталысымен қысқы мал азығын дайындау барысында атқарушы билік шөп сататын шаруашылықтармен келіссөз жүргізіп, қосымша әр округте мал азығы қорын ұйымдастыруға, мал азығы бағасының өспеуіне күш салып, шілде айының басынан әр апта сайын аудан орталығында жәрмеңке ұйымдастырып, бір бума шөп құнын 450-500 теңге, бір орам шөп 5000,00 теңге көлемінде сатылуда. Алайда жеке тұрғындар әртүрлі себептермен мал азығын уақытында алуға асығар емес.
Ал, күн өткен сайын мал азығының сапасы кеми беретінін білеміз! Сондықтан, тұрғындардың сапалы шөпті осы бастан алып қалғандары дұрыс! Қыстың қамын кеш ойласаң, ол қосымша шығынға соқтырады!

Басқа жаңалықтар