Әкімдік

Мемлекеттік қызметке келгеніме өкінбеймін

Мен біріншіден, осы Ойыл ауданының жергілікті тұрғыны, аудан үшін өзімше жаным ашитын жоғары білімді азамат, екіншіден, жанұяма табыс келтіруге еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметші осы мақаланы бұрыннан да жазам деп ойланып жүргенмін. Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне 20 жыл толуына орай түрлі шаралар ұйымдастырылуда, солардың бірі БАҚ-да мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мақсатында мемлекеттік қызметшілердің биографиялары туралы жариялау көзделген. Осыған байланысты жоғарыда ойланып жүрген мемлекеттік қызмет туралы өз өмір тәжірибемнен жинаған қорытындымды жеткізбекпін. Қазіргі уақытта азаматтарымыздың мемлекеттік қызметке, соның ішінде ауылдық жерлерде, нағыз кәсіп ретінде қызығушылықтары өте төмен. Сондықтан, кейбір бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурсқа түсуге үміткерлер табылмайды немесе жалғыз ғана. Бұның ең негізгі себептерінің бірі мемлекеттік қызметтің бастапқы кезеңіндегі еңбекақының төмендігі. Бұрын мен де алғаш мемлекеттік қызметке кіргенде (43 жасымда) аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы лауазымында жүріп (мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілімнің төмендігіне сәйкес) еңбек өтілімі жоғары осы аппараттың бас маманымен жобалас еңбекақы алғанмын. Бірақ, бәрі бірте-бірте артта қалып қазір аудандық мәслихат аппаратының басшысы деген лауазымға дейін көтеріліп, еңбекақымда соған және еңбек өтіліміме сәйкес өсті. Ең бастысы бұл емес, мен мұндай еңбекақыны бұрынғы және өз мамандығым (дәрігер) бойынша жасаған ауруханада да алуға мүмкіндігім бар, ең бастысы мемлекеттік басқару ісіне тікелей аралусуға қызығушылықта, оны үйренуде және одан нәтиже шығаруда.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің ең негізгі қағидаттарының бірі — заңдылық. Сондықтан, мемлекеттік қызметке алғаш рет кірер кезде конкурсқа түсетін әрбір үміткер белгілі заңдарды білу деңгейінің арнайы тексеруінен өтеді. Дана тұлғалардың айтқанында «Заңы жоқ мемлекет өзінен-өзі құриды» деген ұғымды сөздері бар. Өз қызметімдегі тәжірибемнен түйгенім, «Заңдар» егжей-текжейлі, әсіресе ғылыми жағынан мұқият зерттеліп қабылданып бұлжытпай орындалатын болса, қай мемлекет болсын, елді-мекен болсын алға қарай қарыштап дамуы күмәнсіз. Осы сапалы «Заңдарды» әзірлеушілер де, жүзеге асырушылар да саяси және мемлекеттік қызметшілер.

Мемлекеттік қызметтің екінші негізгі қағидаты — «Қазақстандық патриотизм». «Бір күн тұрсаң да, тұрған жеріңнің патриоты бол» — деген жақсы сөздер бар. Әрбір Қазақстан азаматы, соның ішінде әрбір мелекеттік қызметші Елімізге ерекше құрметпен қарап, өздеріне «Заңдармен» жүктелген мақсаттар мен міндеттерді аса жауапкершілікпен орындаса нұр үстіне нұр болар еді.

Өз еңбек жолымда негізінен екі мемлекеттік мекемеде, орталық аудандық аурухана (12 жыл) мен аудандық мәслихат аппараты (13 жыл) еңбек етіппін. Соңғысы мемлекеттік қызмет, әсіресе осы мемлекеттік қызметте туған жеріме, өзім жақсы көретін халқыма пайда келтіру мүмкіндігі көбірек деп ойлаймын және осы қызметке ауысқаныма өкінбеймін.

Мыңжасар ДОСОВ,

Ойыл аудандық мәслихатының аппарат басшысы.

Басқа жаңалықтар