Әлеумет
КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ — АУЫЛДЫ ҚОЛДАУ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл-аймақтардың дамуы маңыздылығы жайында тоқталып өтті.
Барлығыңызға мәлім, қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асып келеді. Осы ретте Президент «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс» — деп Жолдауында атап өтті. Ал біздің Ақтөбе облысында ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды қолға алынып, табысты іске асып жатыр.
Осындай мемлекеттің қамқорлығының арқасында талай ауылдармен аудандар өркендеп, ауыл шаруашылығының жаңа қадамға жылжуына өз септігін тигізіп жатыр. Ең бастысы құжаттары талапқа сай болып, бағдарламаға алғашқы лекте қатысып, 2,5 пайызбен несие алған кәсіпкерлер өнімдерінің игілігін көре бастады.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы «Соңғы жылдары қабылданған шаралар шағын және ірі бизнестің тұрақты өсуін қамтамасыз етті. Алайда, орта кәсіпкерліктің даму қарқыны жеткіліксіз. Жаңа экономикалық модельге сәтті көшу үшін оны іс жүзінде «қолмен» көтеру керек. Ең алдымен, орта бизнесті тежейтін кедергілерді жою қажет. Жасыратыны жоқ, оның көп бөлігі өсіп, шағын бизнестің «ыңғайлы» сегментінде қалу үшін бөлінеді.
Үкімет Шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруді ынталандыратын заңнамаға өзгерістер енгізуі тиіс. Елде нарықтарды белсенді игеретін табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларды қолдау керек. Олардың әрқайсысы үшін мүмкіндіктерді арттыруға және өндірісті екі-үш есе кеңейтуге бағытталған нақты жоспар құру қажет.
«Бизнестің жол картасы» және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасына біріктіру қажет», – деді. Парасатты пайымын ортаға салған Президентіміз әрдайым кәсіпкерлерді қолдайтынын, бизнесті қорғайтынын және жалпы халықпен бірге екенін тағы бір мәрте көрсетті. Осындай қолдаудан кейін кәсіпкерлер барын салып жұмыс істеуі тиіс. Өйткені, заңмен қорғалған бизнес қоғамға барлық жағынан пайдалы.
Жасұлан ЕРЖАНОВ,
«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалының
директоры.