Әкімдік

Ұқып пен қабілеті Белеске жетелеген жігіт

Басқару саласында қызмет ету қай уақытта да оңай болған жоқ. Оған менің ойымша, біліммен бірге адами жауапкершілік, ұқыптылық, шапшаңдық қажет. Бірақ, қазіргі әр күні өзгеріске толы, тіпті ғылым мен техниканың қарыштап дамыған шағында осы қасиеттері бар адам үшін түк те қиын емес сияқты. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ауданның дамуына басшы болмаса да, өзінің ұқыпты ісімен үлес қосып отырған «тасадағы» мамандар көп. Солардың бірі аудандағы қаржы саласының білгір маманы – Қайнар Ұлықпанов.

Әркімнің өзіне сүйікті кәсібі ыстық. Қайнар қарапайым отбасында өссе де, жасынан есепке жүйріктігі мен алғырлығы және ұқыптылығы арқасында кеңсе қызметінің көзге көрінбейтін, күндіз-түні бітпейтін жұмысына төзді. Әрине, алғашқы еңбек жолы байланыс саласында басталғанымен, есепке епті жігітті жұмысқа шақырған ағаларының да оның бойындағы жоғарыдағы қасиеттерді бағалағаны рас. Бүгінде ағаларының сенімі мен үмітін ақтап, аудан бюджетінің есеп-қисабымен «тісі сарғайды». Қайнардың ең басты қасиеті — есте сақтау қабілеті. Қазір қайдам, осыдан 15-20 жыл бұрын сол саланың мамандары «Бюджеттің әр тиынының қайда жұмсалатынын Қайнардан түнде шырт ұйқыдан оятып сұрасаң да айтып береді» — деп отыратын. Сондықтан, пенде болған соң болатын кемшіліктер мен кезіндегі «еркеліктер» есте сақтау қабілеті мен өз ісіне адалдығының көлеңкесінде қалғаны да жасырын емес. Ұқыптылығы да «қыздың жиған жүгіндей». Ал, өзінің үстіне «қылау жұқтырмайтын» үлгісі тіпті бөлек. Бір сөзбен айтқанда, қырық жылға жуық ауданның қаржы, экономика саласында еңбек етіп келе жатқан, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Қайнар Ұлықпанов бүгінгі аудандағы жас мемлекеттік қызметшілерге нағыз идеал.

Қайнар — бүгінде ел ағасы жасында. Отбасында жұбайы Ақтеңге екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

С.ХАМЗИН.

Басқа жаңалықтар