Әлеумет
Елдің дәулеті де, жердің сәулеті де орман
БІЗДІҢ АУДАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН ҚАТАР ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ДА БАСА МӘН БЕРІП КЕЛЕДІ. ЗЕР САЛЫП ҚАРАСАҚ, КӨП АЙТЫЛА БЕРМЕЙТІН ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АДАМ ӨМІРІ ҮШІН РӨЛІ ЗОР.
Осы орайда біз «Ойыл орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тұтқасын ұстап отырған Серік Мусинмен шаруашылық жайында арнайы тілдескен едік.
Ойыл орман шаруашылығының жалпы жер көлемі 28012 гектарды құрайды. Ойыл орманының негізгі тарихы әріден басталады. Патшалық үкімет тарапынан Ойыл бекінісінің іргесі қаланғаннан соң мұнда Орынбордан, Жайық бойынан қарағай көшеттері әкелініп отырғызылады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда ілкіде Ойыл төңірегінде қалың жиде мен бірнеше талдардың түрлері өскен. Ресми деректерге сүйенсек, Ойыл орман шаруашылығының тарихы «Кеңес одағы орман министрлігінің 27.10.1950 жылғы №818 бұйрығынан» басталады. Аталған бұйрықпен Темір орманшылығынан 16537 гектар көлеммен бөлініп, Ойыл орман шаруашылығы құрылады. Орман шаруашылығы 1967 жылдан бастап жеміс-жидек бағын өсірумен айналысқан. Өсірілген алма бағының көлемі 53,3 гектарға жетіп, жалпы көлемі 76,5 гектар жоспарланған. Сол уақыттағы Ойыл орман шаруашылығының негізгі тарихы Екпетал елді мекенімен тығыз байланыста. Елді мекеннің іргетасы 1967-1970 жылдары қаланған. Ойыл орман шаруашылығымен жарты ғасырлық тарихы үндескен Екпетал елді мекенінің тұрғындары орман шаруашылығында қалтқысыз қызмет етіп келеді. «Орманды жерде отын көп», — десек те екпеталдықтар отын жию үшін кез-келген ағашты қиып тастамайды. Ауыл азаматтарының көбісі Ойыл орман шаруашылығында орманшы болып жұмыс жасайтындықтан отынға кесіп күтім жасаудан шыққан ағаштарды пайдаланады. Себебі орманды сырттан келіп ешкім отап кетпейтінін жақсы біледі. Сондықтан олар орманды күзетіп, күтіп-баптауға немқұрайлы қарамайды. Жалпы Ойыл орман шаруашылығы бойынша 2015 жылы «Орман орналастыру жұмыстары» жүргізілді. Осыған сәйкес жыл сайын тазарту, орам соқпағын шабу, өтімді қоқырсуды жинау және жаппай санитарлық кесу жұмыстары белгіленген көлемде жасалады. Ауыл тұрғындары осы кесулерден шыққан ағаштарды отынға және үй шаруашылығына пайдаланады. Өйткені шағын ауылдың әр тұрғыны үшін бұл аймақтың әр тасы мен әр бұтасы қымбат. Тіпті Екпеталда туған әр перзент өздерін осы киелі аймақтың қорықшысы есептейді.
«Ойыл орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде көлемі 20 гектарды құрайтын тәлімбақ жұмыс жасайды. Онда қарағай, алма, шие, өрік сынды ағаш тұқымдарының 21 түрі өсіріледі. Биыл аудан бойынша 76,5 гектар аймаққа 190 мың түп жиде мен қара ағаш отырғызу жүргізілуде. 2022 жылы 865 гектар жерге ағаш отырғызу жұмыстары жоспарланса, жер дайындау жұмыстары қазан айында басталады. Осы орайда айта кететін жайт орман шегіндегі елді мекен тұрғындарының күтусіз малдары отырғызылған жас көшеттердің бой алып кетуіне кері әсерін тигізуде. Ойыл орман шаруашылығы мамандары жас көшеттердің тамыр жайып, өсіп кетуі үшін малдың күтіміне жауапкершілікпен қарауын сұрайды.
Жалпы шаруашылықта тұқым даярлаудан басқа орманды өрт қауіпсіздігінен сақтау, санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Негізгі міндет орманды қорғау, күзету және қалпына келтіру болып табылады. Жоғарыда айтып өткен кесу түрлері ормандағы ағаштардың сапасын көтеру, қорек жетіспегеннен қураудан сақтауға, зиянкес жәндіктердің таралуын болдырмау мақсаты, т.б көздейді. Сондай-ақ орманды қолына балта ұстағандардан қорғау өте маңызды. Мысалы 2018 жылы заңсыз ағаш кескен екі оқиға бойынша іс сотқа жетті. Шығын қалпына келтірілді.
P.S. Аспанмен таласып өсіп тұрған қарағайлар мен көктеректер қаулаған орман-тоғай арасында серуен құрсаң, әр түп тал өткеннен сыр шертіп тұрғандай күйде қалдырады. Біз оның табиғи тап-таза, мөлдір күйінде сақталуына жанашыр болуымыз керек. Ендеше, «Елдің дәулеті де, жердің сәулеті де орман» деуге толықтай негіз бар.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.