ӘкімдікБасты тақырып
Шығармашылық кездесу — шынайы әңгіме
Белгілі қоғам қайраткері Мәди Әдиұлы тоғыз жолдың торабы болған Ойыл ауданына ат басын тіреді. Мәдени ортамен жүздесіп шығармашылық кездесу өткізді.
Шара барысында алғаш болып сөз алған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы алыстан ат арытып келген миманды өңіріміздегі орталықтармен таныстырып, өрелі еңбек жолымен көпшілікті хабардар етті. Мәди Әдиұлы Әл-Фарабидің еңбектері мен Абай атамыздың 175 жылдығына орай ұйымдастырған шаралардың басы қасында жүріп оралымды ойларын халыққа дәріптеп жүрген тұлғалардың бірі. Оның айтуынша қойнауы тариха бай талай дүлділ дарындарды туған Ойыл өңіріне табан тіреу көптен бері ойға алған армандарының бірі екен. Кездесуде Мәди Әдиұлы өзінің еңбек жолынан сыр шертіп қана қоймай, сазгерлік қырынан да танылды. Әуезді ән шырқап, қара өлеңнің тиегін ағытты. «Алыстан алты жасар бала келсе, Алпыс жасар кәрі алдынан шығар» — деп қазақ тегін айтпаса керек. Қадірлі қонаққа құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табыс етілді. Шара соңында рухани азыққа қанныққан көпшілік Мәди Әдиұлынан қолтаңба алып, естелік суретке түсіп, ризашылықтарын білдірді.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.