ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпДенсаулық

20 МИЛЛИОНЫНШЫ ТҰРҒЫННЫҢ БІРІ

ӘМІРЖАН СЕРІКТІҢ ОТБАСЫН ҚУАНЫШҚА БӨЛЕДІ

Қазақстанда 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізді. «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», — деп жазды Президент.

Сол күні Ойыл аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде де бір сәби дүниеге есігін ашты. Бұл Көптоғай ауылдық округінде мал маманы болып еңбек ететін Әміржан Серіктің отбасын қуанышқа бөледі. Толғанай екеуінің төртінші бөпесі. Қыз бала. Атын Жұпар деп қойыпты. Еліміз бойынша сол күні дүниеге келген барлық сәбиге құрмет көрсетілді. Перзентханадан сәбиін құндақтап, көтеріп шыққан ананы аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев бастаған топ арнайы құттықтады. Салтанатты сәттен соң сәбиге аудан әкімі атынан сыйлық ұсынса, кәсіпкер Гүлжамал Әліп жас ананың жұмысын жеңлдетсін деген ниетпен кір жуатын машинаны тарту етті. Ал, «Ақ әже» ансамблінің мүшесі Зоя Дауылбаева сәбидің анасына біздің жолымызды берсін деген ырыммен ақ жаулық тартты. Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбану Арыстанова да сәбидің өмірге келуіне сеп болған дәрігерлер мен арнаулы мамандарға алғысын айтып, жас босанған анаға аурухана ұжымының атынан өздерінің сый-сияпаттарын ұсынды.
Еске сала кетсек, 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бес бірдей нәресте еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды, — деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы ресми сайтында. Бюро мәліметінше, Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған бес бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанғанын хабарлады. Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді.
Нәрестелердің үшеуі ұл, екеуі қыз бала. Айта кетейік, 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн. адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті. Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде – 6 жылға өсті. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады.

Басқа жаңалықтар