ЖЕРЛЕСІМІЗДІҢ ЖАҢА КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Оқырманға сан алуан тақырыпты қамтып, қайнаған тіршілікте көркем ойдың сүзгісінен өткізген бірқатар кітаптың авторы ретінде таныс Аманжан Дүйсенғалиевтың журналистикаға әуестігі алғашқы
да мектептің қабырға газетіне мақала, аудандық, облыстық газеттерге хабар-ошар жазудан басталған екен.
Бірақ, қаламгерліктің оңайлықпен қол жеткізе қоймайтын асау өнер екенін де түсіне білген Әбекең елу жылдан астам уақыттан бері журналистік қызметінде еліміздің қоғамдық
өміріне белсене араласып, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Ал, сараптамалық, талдау мақалалары оқырманның көңілінен шығып, бағасын алды. Тағы бір ерекшелігі – оның жәй әңгіме арасындағы сөзінің өзінен қасаң баяндаудан гөрі журналистикаға тән сөзді ойнату, кейіпкерін әдеби бейне дәрежесіне көтеруге ұмтылысы айқын байқалады. «Жүктің ауырын нар ғана көтере алады» — демекші, әуел
бастан бар тіршілігі малмен байланысты болған халқымыз ауыр жүкті көтеруден тайсалмайтын, еңбек десе құлшынып тұратын ұлдарын қара нарға теңейді. Бұл жоғары баға қандай істі
болса да қолға алудан қаймықпайтын, әрі оны аяғына дейін жеткізіп тындыра алатынжігіттің де жігітіне, азаматтың да азаматына қарата айтылады. «Адам өз өмірін еңбектеуден бастап, еңбектенумен аяқтайды» — дегендей, оның өмірі осы сөйлемнің ішіне сыйып тұр. Осыдан көпті көрген жан елдік мінез, бүгінгі
заман, қазіргі қоғамдық өмір, адамдардың қарым-қатынасы туралы ойлары кім-кімді де бей-жай қалдырмайды! Осы орайда Қадыр ақынның «Талантты бағалайық тірісінде» деген өлеңі еске түседі.
Сондықтан да, туған елі, халқы үшін тер төккен азаматтардың еңбегін де көзі тірісінде бағалаған дұрыс. Халқымыз сірә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» — деген қанатты сөзін әртүрлі әттеген-айларды бастарынан кешкесін айтса керек. Алғашқы жыр жинағы «Быстрей ручей» деген атпен екі
тілде жарық көрді. Бұл жолы оқырманына «Ойыл – ой тұмарым» деген кітабын ұсынып отыр.
Алғысөзін қазақтың көрнекті ақыны Абдрахман Асылбектің жазуының өзі көп жайды аңғартса керек. Ақын өлеңдерінің өрнекті, бейнелі болғанына көбірек көңіл бөледі. Табиғаттың көркем суретімен
ғана шектеліп қоймай, сол сұлу көріністі адамның жан-дүниесімен қабыстырып, философиялық ой түйеді.
А. СҮНДЕТОВ


