ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

АҚ ДАСТАРХАН БАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТ

Тіршіліктің тынысында тағы да бір жылдың күлімдеп, таң арайын атқызған наурыз айы да келіп жетті.
Көктеммен бірге келетін жылулықтың, әдеміліктің, сұлулықтың символдары бола білген ақ жаулықты аналарымыз бен аяулы аруларымыздың халықаралық мерекесі келеді.
Жылына бір келетін осындай көңілімізге қуаныш ұялатар мереке қарсаңында Ойыл селосындағы «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында тыл ардагерлері мен көп балалы аналарға арналған мерекелік шара өтті.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Асқар Қазыбаев ардақты аналарымызды мерекесімен құттықтап сый-сияпат көрсетті. Аналарымызды құттықтау барысында «Елдің болашағы үшін жастайынан еңселі еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан алтын құрсақты аналарымыз қашанда құрметке марапатқа лайық. Қарттарымыз қазынамыз. Біз әрдайым сіздердің еткен еңбектеріңіз бен ел үшін жасаған қызметтеріңізді жадымыздан шығармаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңызды әрдайым бүгінгі буынға өнеге етіп келеміз. Ана — тіршіліктің нәрі, ана — өміріміздің мәні, Бүкіл әлем қасиетіне бас иетін аналарға құрмет ешқашан артық емес» — деп жылы лебізін білдірді аудан әкімі. Дастархан басында жалғасқан мерекелік шарада ән салып, ақ тілектерін жаудырған жаулықты аналарымыз елде жасалып жатқан оңды істерге ризашылығын білдірді.

Басқа жаңалықтар