БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ МІНДЕТ!
ЖАЗ МЕЗГІЛІ БАСТАЛЫСЫМЕН ҚОҒАМДЫ ҮЛКЕН БІР ЖЕҢІЛДІК ПЕН АЛАҢСЫЗДЫҚ БИЛЕЙТІНІ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНАН БОСАҒАН БАЛАЛАР УАҚЫТЫН СЫРТТА, ОЙЫН АЛАҢДАРЫНДА ӨТКІЗУГЕ АСЫҒАДЫ. АЛАЙДА, ДӘЛ ОСЫ ШУАҚТЫ КҮНДЕРДІҢ СЫРТЫНДА СТАТИСТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ҮШ ЕСЕГЕ ДЕЙІН КӨБЕЙЕТІН ҚАУІП-ҚАТЕР БАРЫН БІЗ ЖИІ ҰМЫТЫП КЕТЕМІЗ.

Ресми мәліметтер дәл осы демалыс кезеңінде балдырғандардың түрлі деңгейдегі техникалық, тұрмыстық және көше апаттарына ұшырауы 30-40 пайызға дейін күрт өседі деседі. Мұның басты себебі – мектептен тыс бос уақыттың шамадан тыс көптігі мен ересектер тарапынан бақылаудың сәл де болса әлсіреуі. Аяқ асты келетін ажал мен қайғылы жағдайларға жол ашатын да осы – біздің қоғам болып танытып отырған салғырттығымыз бен немқұрайлылығымыз.
Арнайы жабдықталмаған, шомылуға тыйым салынған су қоймаларында үлкендердің қарауынсыз қалған балалардың тағдыры жыл сайын қаралы статистиканы толықтырып отыр. Оған қоса, аптап ыстықта көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кететін сәбилердің қазасы жиіледі. Шыбын-шіркейден қорғайтын тордың қорғаныш емес екенін ата-аналар әлі де жіті түсінбей келеді.
Ресми дерекке сүйенсек, шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында 91 адам, оның ішінде 27 кәмелетке толмаған бала суға батып қаза болды. Жүргізілген талдау нәтижесі — қайғылы оқиғалардың негізгі себептері шомылуға тыйым салынған орындарда шомылу, жүзе алмау, өз мүмкіндіктерін асыра бағалау, алкогольдік мас күйде суға түсу, сондай-ақ негізінен балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруынан орын алғанын көрсетіп отыр.
Қаза тапқандардың ең көп саны Алматы (13 адам), Маңғыстау облысында (11 адам) және Павлодар облысында (5 адам) тіркелді. Ал, кәмелетке толмағандар арасындағы ең көп өлім жағдайлары Түркістан облысында (4 бала), Батыс Қазақстан және Қостанай облысында әрқайсысында 3 баладан тіркелген. Адамдардың топ болып қаза табу жағдайлары ерекше алаңдаушылық туғызады. Батыс Қазақстан облысында үш жасөспірім суға батып қаза болса, Алматы, Қостанай, Маңғыстау облысында, сондай-ақ Жетісу және Абай облысында осындай екі жағдайдан тіркелген. Ал, шомылуға рұқсат етілген орындарда 11 адамның қаза болуы ойланарлық жағдай. Бұл деректі де жіктер болсақ, Алматы облысында 8, Павлодар облысында 2 және Ақмола облысында 1 жағдай тіркелді. Бұл қауіпсіздікті ұйымдастыру деңгейінің жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Ал, қалалық жерлерде азіргі уақытта балалардың терезеден құлау оқиғаларының саны артып отырғанын ерекше атап өткен жөн.
2026 жылдың басынан бері азаматтық қорғау органдарында балалардың терезеден құлауына байланысты 188 оқиға тіркелді, оның ішінде 168 бала түрлі жарақат алып, 20 бала қайтыс болды.
Бір қарағанда екі түрлі жағдай сияқты көрінгенімен, екеуін біріктіретін ортақ мәселе – балалар қауіпсіздігіне деген немқұрайлылық. Терезе де, су да көзге қауіпсіз болып көрінуі мүмкін, бірақ бір сәттік абайсыздық орны толмас қасіретке әкеледі. Кейде шаралардың тек қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана қолға алынуы – жүйелі салғырттықты көрсетеді. Сонымен қатар, көшеде велосипед, самокат немесе заманауи электрлі қозғалтқыштарды тізгіндеген жеткіншектердің жол ережесін білмеуі, құлағына құлаққап киіп, телефонға үңіліп жолдан өтуі күнделікті әдетке айналды.
Осы орайда барлық жауапты орындар ата-аналарға ерекше үндеу жолдап, баланың өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық екенін алға тартады. Тәртіп сақшысы балаларға электр жабдықтарына жақындаудың қауіпті екенін түсіндіруді, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуды және жол қозғалысы ережелерін үнемі үйретіп отыруды талап етеді. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы ғана көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Сондықтан, Үкімет басшысы еліміздің су объектілерінде адамдардың қаза болуына жол бермеу, сондай-ақ балалардың терезеден құлау жағдайларының жиілеуіне байланысты Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларына тіршілік қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар және қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары бойынша сабақтарды енгізуді, балалардың демалуына арналған орындарды қоса алғанда, ресми шомылу орындарының санын көбейтіп, оларды қажетті қауіпсіздік инфрақұрылыммен, құтқару бекеттерімен және құтқару құралдарымен қамтамасыз етуді, шомылуға тыйым салынған орындардың тізбесін жаңартып, қауіпті учаскелерге халықтың еркін қол жеткізуіне қоршаулар орнату жолымен ескерту белгілерін қою және күзет бекеттерін ұйымдастыру арқылы шектеуді, тұрғын үйлердегі терезе конструкцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша халық арасында, мүлік иелері бірлестіктерінің, жай серіктестіктердің төрағалары және басқарушы компаниялар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, осы міндеттердің орындалуына бақылауды күшейтуді, профилактикалық іс-шараларда аумақтық полиция департаменттерінің әлеуетін белсенді пайдаланып, учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлерінің аулаларды және пәтерлерді аралау барысында аталған мәселеге міндетті түрде ерекше назар аударуды ұсынып отыр.
Баланың амандығы мен алаңсыз күлкісі – кез келген өркениетті мемлекеттің ең басты құндылығы, ұлттың болашағы. Сондықтан ұрпағымыз үшін қатерден ада, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру тек бір отбасының ғана мәселесі емес. Бұл – билік пен бұқараның, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



