ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
КӘСІПОДАҚ МАҚСАТЫ — МҰҒАЛІМДЕРДІ ҚОЛДАУ
Су тасқыны сияқты айтып келмейтін апаттан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсету — кәсіподақ жұмысындағы басымдықтардың бірі. Тосыннан келген табиғат апаты кәсіподақ ұйымын бей-жай қалдырмады.
Осыған байланысты су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында кәсіптік-техникалық ұйымдарының және облыстық мектеп, қосымша білім беру ұйымдарының кәсіподақ мүшелеріне арналған кездесу өтіп, заңгерлік кеңестер берілді. Одан соң облыстық ұйым өкілдері Ойыл ауданында болып, аудандық кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Ауданындағы Ш.Берсиев атындағы орта мектепте, Ойыл кәсіптік колледжінде болды. Қазіргі таңда Екпетал мектеп балабақшасы Ойыл кәсіптік колледжіне орналасып, оқушыларға оқу сол жақта өтуде.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова:
-«Құрметті әріптестер! Ел басына күн туған қиын сәтте сіздердің де қиын жағдайға қалғандарыңызды естіп, қол қусырып отыра алмадық.
Айтып келмейтін табиғи апаттан зардап шегіп, қиыншылыққа ұшыраған кәсіподақ мүшелеріне қол ұшын жалғап,көмектесу-біздің парызымыз.
Бұл табиғи апатты да ел болып еңсеріп, жағдай қалыпқа келтіріліп, мамыражай күн кешетінімізге кәміл сенемін. Апат айтып келмейді, десе де табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен әріптестерімізге қолдан келгенше көмегімізді көрсетеміз, ұстаздарымыздың басына түскен қиындықтарды бірге еңсереміз деп ойлаймын. Алда жақсы күндер келетінін ұмытпайық, әріптестер! Табиғат сынағына қарсы тұрар бірлігімізге шүкірлік етіп, жақсы күндерге үміт етейік. Аман болыңыздар! — деді.
Кездесуде салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің заңгерлері табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу қағидалары туралы жіті түсіндірді. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының білім басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің 6.5.3 тармағы туралы баяндады.
Осыдан кейін кәсіподақ мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Кездесуге қатысқан білім қызметкерлері ең алдымен, залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты өзге де мәселелерді қамтыды. Кәсіподақ мүшелерімен кездесуде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының атынан 18 500 мың ақшалай сертификат табысталды.