Ойыл өңірі небір әншілер мен күйшілерді, жыршыларды дүниеге әкелді. Осынау сан алуан өнерге бай ұлтымыздың өнерінің ішінде жеке дараланатын өнердің бір түрі ол – би өнері. Қазақтың тұңғыш профессионал бишісі Шара Жиенқұлова болса, тұңғыш профессионал балеринасы Нұрсұлу Тапалова.
Өнердің қай саласында болсын өзіндік нақышы мен мәнері қалыптасқан, арғы бастауында, өткенінде бүгінгі ізбасар ұрпақ ұстаз ретінде ауыз толтыра айтатын көрнекті тұлғалары бар.
Солардың бірі ғана емес, бірегейі Нұрсұлу апамызды аталған бекзат өнердің киелі далада негізін қалаған алғашқы қарлығашы десек, артық емес.
Ойыл топырағында туып-өсіп, өз бетімен ізденіп, өзін-өзі би қанатында жетілдірген, уақытында қазақтың би өнерін заманауи деңгейге көтерген тұлға – Нұрсұлу Тапаловаға туған жерінде көше берілсе, өткен аптада аудандық мәдениет үйінің алдында ескерткіш тақта ашылды.
Ескерткіш тақтаны өзі қаражатына жасатып, тарту еткен Ойыл ауданының құрметті азаматы Рақым Қарабалиев тума талант иесіне елдің құрметін осылай ұштастырды.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Саян Сүлейменов жерлес бишінің есімін ұлықтау мақсатында соңғы жылдары туған жерінде кешенді шаралардың атқарылғанын айтса, Рақым Қожасұлы әйгілі бишіні өмірінде бір-ақ рет көргенін жасырған жоқ.
Сондай-ақ, осы шарада Шығанақ Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева бір кездері елеусіз қалған жерлесіміздің есімін ұлықтау мақсатындағы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі шаралардың ұлттың рухани қазынасына қосар үлесіне тоқталды. Осындай игілікті іске бастама көтеріп, мұрындық болған ел ағасына даңқты бишінің туысы, ардагер ұстаз Зәуреш Молдашева шынайы ілтипатын білдірді.
Р. S. Нұрсұлу Тапалова – үлкен тарихи тұлға, көрнекті өнер майталманы.
Қазіргі таңда елімізде Нұрсұлу Тапаловаға арналған кең көлемде Республикалық би байқаулары ұйымдастырылып тұрады. Нұрсұлу Тапалова игерген, халқына тарту еткен би өнері бүгінде ұлттық руханиятымыздың құндылығына айналды.