Басты тақырыпДенсаулықСпорт
ОЙЫЛ ГАЗ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖІГІТТЕРІ АУДАН ӘКІМІНІҢ АУЫСПАЛЫ КУБОГІНІҢ ИЕГЕРІ
СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУДАНЫМЫЗДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛ АЛАҢДАРЫН САЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАНЫ КӨПКЕ МӘЛІМ. АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА ҒАНА ЕМЕС, АУЫЛ ЖАСТАРЫН СПОРТҚА ТАРТУ МАҚСАТЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ИГІЛІКТІ ІС АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ ДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ.
Осы орайда қыркүйек айында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына және аудан әкімінің жүлдесіне арналған мекеме қызметкерлеріне арасында шағын футболдан аудандық лига ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, ауданда бұқаралық дене тәрбиесі мен спортты дамытуға, спортшылардың спортқа деген қызығушылығын, достық қарым-қатынастарын нығайтуға, сондай-ақ ауданда мекеме қызметкерлері арасында шағын-футбол спортын дамыту және насихаттау мақсатында өткен жарысқа 11 команда қатысты.
Екі аптаға ұласқан мекеме қызметкерлері арасындағы турнир өткен аптаның бейсенбісінде өз мәресіне жетті. Ойын тартысты өтіп, әсіресе ақтық ойын көрермендер көңілінен шықты. Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орын Ойыл аудандық полиция бөліміне бұйырса, ІІ орынды Ойыл қазақ орта мектебі командасының еншісіне тиді. І орынды Ойыл газ шаруашылығы мекемесі командасы жеңіп алып, ауыспалы кубокты иеленді. Жыл сайын дәстүрге айналған турнирге биылда мекеме қызметкерлері асқан белсенділікпен қатысты. Айтулы спорттық додада мәдениет үйінің атынан шыққан Алтынбек Дошаев «Үздік қақпашы» атанса, Ойыл газ шаруашылығы мекемесінің қызметкері Бектас Қайрошев «Үздік шабуылшы» деп танылды. Ойыл қазақ орта мектебінің мұғалімі Әділхан Суқашев «Үздік қорғаушы» атанды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына және аудан әкімінің жүлдесіне арналған мекеме қызметкерлеріне арасында шағын футболдан аудандық лигасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мадақтама қағаз және медалдармен және аудан әкімінің ауыспалы кубогы табыс етілді.
Өз тілшіміз.