Әлеумет
Теолог тәрбиеге тоқталды
БІЗ АШЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ. СОНДЫҚТАН БОЛАР ФОТОАҚПАРАТТАР МЕН БЕЙНЕБАЯНДАРЫМЫЗДЫ ЖЕДЕЛ ЖЕЛІГЕ ЖАРИЯЛАП, ҚАЖЕТ МӘЛІМЕТІМІЗДІ КЕЗ-КЕЛГЕН УАҚЫТТА АЛУҒА БОЛАДЫ. АЛАЙДА БҰЛ ЖЕРДЕ ДІННІҢ АТЫН ЖАМЫЛЫП, ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ТЕРІС БАҒЫТТАҒЫ АРАМ ОЙЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫНДАР ДА БАР.
Міне осы бағытта түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында өткен сәрсенбіде ауданымызға Ақтөбе облысы, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының бөлім басшысы, теолог Мәди Орынбай келіп, түске дейін аудандық мәдениет үйінде мәдениет және ішкі іскер қызметкерлерімен кездесті. Онда алдымен облыстан келген теологпен ашық семинар өткізуге ұйытқы болған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев терроризм, экстремизмге байланысты көкейтесті сауалдарын қоюға ұсыныс жасады. Келесі кезекте дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде жүрген жастардың көбісі дәстүрді мойындамайтындығына тоқталған Мәди Орынбай «баланы жастан» деген ұғымға айрықша тоқталды. Одан соң өз ойын «Бүгінгі бала, ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азаматтарымыз болашақта адаспауы үшін ең бірінші салт-дәстүрін, тарихын біліп өсу керек. Үш тілді меңгеріп, білім нәрімен сусындап өскен бала, өзгеге бағынышты болмайды. Сондықтан бала тәрбиесіне аса назар аударғынымыз абзал», — деп жалғады. Оған қоса, тал бесіктен тәрбиеленген бала ұлылар жолын ұстанып, ұлтына аянбай қызмет ететіне толықтай сенім білдірді.
Сонымен бірге семинар үстіндегі «Уағызды қайдан тыңдаймыз?» — деген сауалға Қазақстан Діни басқармасының заңды түрде белгілеген сайттары арқылы рұқсат етілген уағызшыларды тыңдау керектігі айтылды. Одан басқа қазіргі таңда жеке аккаунттағы әлеуметтік парақшалар арқылы рұқсат етілмеген діни бейнебаяндар таратылса, терроризм мен экстремизмге қолдау көрсетті деген айыппен 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынатынын және де 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындығын түсіндірді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.