ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
«КЕЗДЕСУДІ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРДІК!»
Су тасқынынан зардап шеккен біздің ауданның Қаратал ауылына өзге өңірлерден келіп жатқан гуманитарлық көмекте есеп жоқ. Бәрі де қал-қадірінше қолұшын созуда. Енді оған Шығанақ Берсиев атындағы мектептің әр жылғы түлектері де атсалысып жатыр. Кеше Алматы қаласынан 12 қазақы үй келді.
Наурыз айында орын алған алапат су тасқыны салдарынан бар жиғаны көз алдарында суға ағып, қара шаңырақтары опырылып құлап, табиғат апатының қиындықтарына тап болған Қаратал ауылының тұрғындарына Ш. Берсиев атындағы мектептің 1999 жылғы мектеп түлектері Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы Бұрғылау ұжымымен бірлесіп 12 қазақ үй сыйлады. Қаратал ауылының су тасқынынан зардап шеккен ауылдастарына бір ауыздан көмек қолын созу мақсатында әрқайсысы бере алған көлемде жинаған қаражатқа Алматыдан арнайы тапсырыспен 12 қазақ үй жасатып алдырған болатын.
Су тасқыны кезінде Ойыл ауданының мектеп залдарына эвакуацияланған тұрғындар қазіргі уақытта үйлеріне оралып, қалған дүниелері мен малдарын түгендеп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Әзірге үкімет үй салып бергенше әркім өз бетінше әрекет етуде. Қолы жеткендер көмекке берілген шатырларға уақытша орналасса, шатыр жетпегендер құлаған үйлердің үйінділерінен күрке жасап алып паналауда.
— Еліміздегі орын алған су тасқыны апаттық жағдайы шыны керек бәрімізді есеңгіретіп қойғаны рас. Әрине осы сәтте, елдігіміз бен бірлігімізді көрсету өте маңызды екенін ескергендіктен, ауылдың 1982 жылы туған құрдастар болып Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы Бұрғылау ұжымымен бірлесіп су тасқынынан зардап шеккен Қаратал ауылына көмек қайырымдылығымызды беруді қолға алған едік. Дәл қазіргі уақытта бұл ауылға үкімет тарапынан берілетін баспаналары салынғанға дейін уақытша тұратын қазақ үйлер керек. Біздер алған қазақ үйлердің сыртқы қаптамалары арнайы жаңбырдан, күннен, салқыннан қорғауға арналған. Берілетін қазақы үй аз болғандықтан ең бірінші кезектегі осал топтар қатарына жататын мүгедектігі бар және көп балалы аналарға бердік. Табиғи апаттан кейінгі ауылдың жағдайын көзбен көру кім-кімге де оңай тимейді. Алла жеңілдігін беріп, табиғи апаттан зардап шеккендердің жағдайлары тезірек жақсаруын тілеймін, — дейді Ш. Берсиев атындағы мектептің 1999 жылғы түлектерінің бірі, бүгінде Жаңаөзен қаласында тұрып жатқан Ернар Сержанұлы.
Р.S Негізі Ш. Берсиев атындағы мектептің 1999 жылғы түлектері биыл мектеп бітіргендерінің 25 жылдығын өткізуді ойластырған еді. Сол мақсатта жиналған қаржыны ақылдаса келе, ауылдастарына осындай көмекке жұмсауды ұйғарған түлектеріне жерлестері де шынайы ризашылығын білдіріп жатыр.