ӘлеуметБасты тақырып
Соңғы сессияның жүгі
Кеше аудандық мәслихаттың кезекті он алтыншы сессиясы өтті. Өткелі тұрған жылдың соңғы сессиясының күн тәртібіне алдағы үш жылдың бюджеті мен бірнеше өзекті мәселелер ұсынылды.
«2023-2025 жылдарға арналған Ойыл аудандық бюджетін бекіту туралы», Ақтөбе облысы Ойыл аудандық мәслихатының 2021 жылғы 23 желтоқсандағы №95 «2022-2024 жылдарға арналған Ойыл аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және 2023 жылға арналған Ойыл ауданының ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау көрсету туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Болатбек Әділханов баяндаса, Ойыл аудандық ветеринариялық стансасының директоры Серік Сармұханов Ақтөбе облыстық мәслихатының 2022 жылғы 17 тамыздағы №145 «Ақтөбе облысы бойынша үй жануарларын ұстау және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» және №146 «Ақтөбе облысы бойынша жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту туралы» шешімдерінің ауданда орындалулары туралы хабарлама жасады.
Әрине, бұл мәселе туралы депутаттар тарапынан сауал көп. Қолданысқа енгізілген заңға сәйкес жауап берген Серік Кәдірғалиұлы әлі де шешімі күрделі мәселелердің барлығын жасырған жоқ.
Аудандық мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, халықты әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі және білім, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және жастар саясаты мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының төрағалары И. Берғалиев пен С. Нұрбаевтар атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасаса, аудан әкімінің орынбасары М. Айдарбаев өкілетті органға «Ойыл ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы комиссияның шешімін ұсынды.