ӘкімдікБасты тақырып

«Жастар күні» саралжында басталды

ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ «ЖАСТАР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАҒАНЫ БАРШАҒА БЕЛГІЛІ. АУДАНЫМЫЗДА «ЖАСТАР ЖЫЛЫН» КЕҢ АУҚЫМДА ӨТКІЗУ МАҚСАТЫНДА «ЖАСТАР БОЛАШАҚҚА БАСТАР» АТТЫ «ЖАСТАР КҮНІ» ӨТКЕН БЕЙСЕНБІДЕ САРАЛЖЫН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ БАСТАЛДЫ.

Ойыл ауданына қарасты әр ауылдық округтен жиналған жастар сол күні «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Саралжын ауылдық округінде жасалған игі шаралармен танысып, «Бастау» аула клубымен бірге Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің үйірме жұмыстарымен тәжірибе алмасты. Сонымен бірге шеберлік сағаттарына қатысып, «Zhas project» жобасы аясында жастардың қыс кезіндегі бос уақытын тиімді өткізу мақсатында салынған «Корт» жұмысымен танысты. Одан кейін аудан жастары жуырда ғана іске қосылған жаңа клубта бас қосты. «Жастар болашаққа бастар жол» атты салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев арнайы қатынасып, жастарды ел ертеңі үшін енжарлық танытпай болашаққа нық қадам басуға шақырды. Кәсіпкерлікпен айналысып, ел экономикасының дамуына бүгіннен бастап еңбек ету керектігін баса айтты. Саралжында бес жүзге жуық жас бар. Олардың барлығы болмағанымен бірқатары мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында округ әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан шараларға белсене атсалысып келеді. Әсіресе спортқа деген құлшыныстары жоғары. Тіпті өнерлі жастар да жетерлік. Олар облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүр. Оны Cаралжын ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Гүлзат Қобдабайқызы өз баяндамасында кеңірек атап көрсетті. Ауыл әкімі Абат Қаратауұлы жастармен бірлесіп атқарылатын жұмыстар тоқтаусыз жалғасып, биылғы жылы атқарылатын игі шаралармен бөлісті. Ал, ауыл ақсақалы Жақсылық Бисалиев қазақтың қандай қайсар халық болғандығын, ата тарихымызды «тайға таңба басқандай» етіп айтып берді. Ел үшін, жер үшін қызмет етуге жалынды жастардың намысын қайрап, рухын көтерді. Алаштың әр баласы ұлтқа адал қызмет ету керектігін ашып айтты. Айта кетсек, Саралжын ауылдық округіндегі «Жастар күні» түстен кейін жастар арасындағы қысқы спорттық сайыстармен жалғасын тапты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.
 

Басқа жаңалықтар