ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Жаңа заманға – жаңашыл педагог
«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер” Жүсіпбек Аймауытов
Жас ұрпақтың саналы да, сапалы білім алуының бірден-бір шарты сөзсіз ұстаздың жаңашыл болуы. Себебі еліміздің болашағы жас ұрпақтың білім деңгейімен өлшененеді. Сабақты жаңаша құрып ізденіп, әр түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеріп, педагогикалық білімдерді жетілдіріп, оны дер кезінде қабылдап, өңдеп нәтижелі пайдалана білу әрбір ұстаздың міндеті болу керек. Педагогтың жаңашыл қызметі – мектептің оқыту үдерісінің сапасын көтеру мен ғылыми-әдістемелік қызметін жандандырады.
Осы орайда,аудан педагогтерінің біліктілігін арттыруда «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының аға оқытушысы Жангүл Жұбаеваның жетекшілігімен Ойыл қазақ орта мектебі базасында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Бастауыш мектепте құндылыққа бағдарланған тәсілдерді жүзеге асыру» тақырыбында курс басталды. Осы курс аясында «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» сәйкес бастауыш мектептегі сабақтарда және сабақтан тыс уақытта балаларды тәрбиелеудің мазмұны» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Ұлттық құндылықты сабақ барысында қолдану бойынша тәжірибе алмасу және әдістемелік көмек көрсетуді көздеген семинарда «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» сәйкес бастауыш мектепте жаңа әдіс тәсілдерді үйрету жолдары арқылы табысты оқуға қол жеткізіп, озат тәжірибені насихаттау мақсатында Ойыл қазақ орта мектебінің директоры Роза Сәуірбайқызы «Тәрбие көзі ұлттық құндылықта» тақырыбында баяндама оқып өз тәжірибесімен бөлісіп, мектептегі құндылықтар бойынша атқарылған жұмыс нәтижесіне тоқталды.
Семинардың практикалық бөлімінде бастауыш сынып мұғалімдері құндылыққа негізделген ашық сабақтар, көңілді үзіліс жаттығулар, практикалық-зертханалық жұмыстар өткізіп, инклюзивті білім берудің ерекшеліктерін талқылап, ұлттық құндылықтарға негізделген шаралармен таныстырды.
Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың білім сапасы мен пәнге деген қызығушылығын, мотивацияларын көтерудегі цифрлық ресурстар мен заманауи педагогикалық әдістерді тиімді пайдаланып, білім алушылардың коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларын, топпен жұмыс жасау және өз көзқарастарын білдіру, көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге басымдылық берілді. Оқу танымдық белсенділіктерін дамытудағы инновациялық әдістемелер бойынша өздерінің педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарға қатысушылармен «Пікір алмасайық!» айдары бойынша сұхбат жүргізіліп, бағдарлама аясындағы жұмыстар бойынша кері байланыс жасады. Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздардың белсене араласуы арқылы өткен іс-шарада әрбір ұстаз ұтымды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді меңгеріп, білім қоржындарын молайтты.
Мұғалімдеріміз рефлексия кезінде семинардың өзектілігін атап өтіп, ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Семинар өнімді болды деген ой түйінделді. Семинар соңында тиімді әдіс-тәсілдерімен бөліскен педагогтарды «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Г. ТІЛЕПОВА,
Ойыл қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.