Ойыл аудандық орталық кітапханамыздың «COVORKING» орталығында «Түнгі кітапхана» жобасы бойынша жыл басынан мерейтой иелеріне арналған әдеби кештер шеруі мекеме қызметкерлері арасында басталды. Бұл жолы көркем сөздің тарланбоз шебері, көрнекті жазушы, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Шерхан Мұртазаға арналды.
Халқымызда «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Шындығында жақсының жақсылығын айтуда ғанибет нәрсе барма? Жақсы адамдар жарқырап тұрған күн, жанып тұрған жұлдыз сияқты. Күндіз әлемге нұрын шашып тіршілік біткенді көріктендірсе, түнде бағдар шамдай адасқанға жол көрсетіп, жөн сілтейді. Сөйтіп осы жақсылардың арқасында ғана өмір нұрлы, дүние көрікті. Өйткені осындай жақсы туған азаматтарының, ұлық туған перзенттерінің атақ-абыройымен халық та өсіп өркендейді, беделі биікке көтеріледі. Осындай жаны жақсылық пен жаңалыққа құштар, туған халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, қалтқысыз қызмет еткен, елінің жарқын болашағы үшін жарық жұлдыз болған Шерхан Мұртазаның туғанына биыл торқалы 90 жас толып отыр.
Шерхан Мұртаза! Бүгінде бұл есімді білмейтін жан кемде-кем шығар. Ел-жұртының сүйіспеншілігіне бөленген, халқы үшін үлкен ұғымға айналған, ардақты да айбарлы есімнің 90 жасқа толу құрметіне орай ауданымыздағы полиция қызметкерлері арасында «Темірқазық тұлға» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Өткенін өміріндей күте білген,
Түбіттей теміріңді түте білген.
Қазақтар сирек, сирек осы,
Тік сөйлеп, тіке кетіп, тіке жүрген! — деп ақын Темірхан Медетбек жырлағандай, кештің басы жазушының өміржолы мен шығармашылығымен басталды. Жазған шығармалардағы таныс-бейтаныстар ойға оралып, көз алдыңа шындық үшін шыбын жаны шырқырап жанып тұрған оттан, жауып тұрған оқтан қорықпай алға ұмтыла беретін қайсар тұлғалар келеді. Шерхан Мұртазаның шығармашылық шеберлігі шыңдалып, үлкен суреткерлікке көтерілгенін танытатын шоқтығы биік ірі туындысы бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» роман-эпопеясы кітабына премьера жасалды. «Қызыл жебе» роман-эпопеясы заман тудырған, сол аласапыранда халқым деп қабырғасы қайысқан Тұрар Рысқұловтай біртуар азаматтың, ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның өмір жолын негізге ала отырып, халық басынан кешкен қилы оқиғаларды бар шындығымен көрсетуге ұмтылатыны туралы айтылды.
«Қазіргі таңда жастар кітап оқи ма?» деген сұраққа «Иә, әрине, оқиды» деп жауап берер едім. Өйткені кеш соңында сауалнама жүргізу арқылы оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығының артқандығы байқалды.
Кітапханамызда ұйымдастырылған «Түнгі кітапхана» жобасындағы әдебиет шеруі әдеби тарихи танымымызды кеңейтетіні анық. Шара барысында қызметкерлер бұрын бола бермейтін кітап оқу мүмкіндіктерге қол жеткізді.
Алдағы уақытта Сіздерді «Түнгі кітапханаға» кітап оқуға шақырамыз!
Г. Дауленова,
Орталық кітапхананың аға библиографы.