ӘлеуметБасты тақырып

ТАРИХИ СӘТ: ЕЛДОС СМЕТОВ ДЗЮДОДАН ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

Дзюдодан Қазақстан командасының үздігі Елдос Сметов 2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz

Сметов 60 келі салмақта жеңімпаз атанды. Финалда ол Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, франциялық Лука Мхеидзені жеңді.
Елдос белдесу соңына қарай маңызды ұпай жинап, сол басымдықты сақтап қалды. Нәтижесінде, ол дзюдодан Қазақстан тарихында Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы ретінде тарихқа енді.
Айта кетелік, Елдос өз мансабында үшінші рет Олимпиада жүлдесін алып отыр. 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс алған ол Токиода қола жүлдегер атанған еді.
Олимпиаданың аңсаған алтынына ол 31 жасында, Париж төрінде қол жеткізді.
Құтты болсын, Қазақ елі!
Фото: Сали Сабиров
olympic.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті құттықтады

– Дзюдошымыз Елдос Сметовті Париждегі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Оның шеберлігі мен қайсарлығының арқасында Қазақстанның туы биікте желбіреді. Елдос мықты қарсыластармен күресте төртжылдықтың басты додаларында топ жарып, әлемнің үздігі атанды. Сіздің жеңісіңіз – біздің бүкіл халқымыздың жеңісі! – деп жазды Мемлекет басшысы Х парақшасында.

Басқа жаңалықтар