Әлеумет

МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Өткен жұма күні ауданымызға жұмыс сапарымен медицина саласының ардагері, облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы Роман Рахиев пен облыстық мәслихат депутаты, Ақтөбе облыстық мәслихаты жанындағы әлеуметтік сала бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Айгүл Дүйсенова келді.

Алдымен Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ медициналық пунктінде болып, мекеменің материалдық-техникалық базасын қарап, қызметкерлерімен тілдесті.
Әрі қарай Ойыл аудандық аурухана қызметкерлерімен жүздесті.
«Облыстық мәслихат төрағасының шешімімен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының ішінде мәслихат депутаттары мен медицина саласының ардагерлері бар. Келген мақсатымыз алдағы сессияға «Медициналық қолжетімділік пен сапасы» деген бір сұрақ қойған болатынбыз. Осы сұрақ аясында барлық медицина ұжымдарын аралап, бүгінгі таңдағы денсаулық сақтау саласының жағдайын көру, танысу. Алдағы сессияға шешім шығару», — деп атап өтті Айгүл Дүйсенова.
Отырыс барысында аудандық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты, әлеуметтік сала бойынша тұрақты комиссия төрағасы Сәндібек Нұрбаев хабарлама жасап, аудан бойынша денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ең әуелі бас дәрігер аудандағы кадр тапшылығы жайына тоқталды.
Сондай-ақ Ойыл ауданындағы елді-мекендер бойынша күрделі жөндеу және қайта салу қажет ететін ғимараттар салу және аудандық аурухана жанынан бөлек орналасқан инфекциялық бөлімше және жабдықталған мәйітхана ғимаратын салу жөніндегі ұсынысын жеткізді. Кездесу барысында түскен ұсыныс-пікірлер талқыланды.
Іс сапар барысында ауданымыздағы медицина саласының ардагері Аманғос Қисықовтың үйіне барып, қал-жағдайын сұрасты.
Облыстан келген делегаттарымыз Ойыл селосында су тасқынынан зардар шеккендерге арнайы салынып, пайдалануға берілген 21 үйдің салтанатты табысталуының куәгерлері болды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Басқа жаңалықтар