Экономика

Қазақстан энергетика тұрғысынан тәуелсіз елге айналу керек – сарапшы

Қазақстанда Атом электр станциясын салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергияны көп қажет ететін салаларды дамыту және көмірсутек ресурстарына тәуелділікті азайту мақсатында АЭС құрылысы маңызды мәселе ретінде қарастырылуда. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы тақырып аясында ядролық физика саласының маманы Амангелді Нұрланның пікірін сұрады. 

2021 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Елде ядролық энергияның болашағы туралы әртүрлі пікірлер туды, себебі ядролық қауіпсіздік, экология және халықтың наразылығы секілді факторлар елеулі рөл атқарады.

Қазақстанда АЭС құрылысы салынуы мүмкін орын ретінде Алматы облысындағы Балқаш көлінің маңы (Үлкен ауылы) қарастырылған. Сонымен қатар, мамандар Қазақстан уран өндіруден әлемдегі ең ірі елдердің бірі болғандықтан, атом электр станциялары үшін шикізаттың жеткілікті екендігін атап өтеді.

Ядролық физика саласының маманы Амангелді Нұрлан Қазақстанның әсіресе оңтүстік өңірінде энергия тапшылығы жоғары екенін айтады. Сондықтан АЭС арқылы энергия тапшылығын шешу бірден-бір тиімді жол екенін түсіндірді.

Өз басым АЭС құрылысын қолдаймын. Себебі болашақта Қазақстан энергетика тұрғысынан тәуелсіз елге айналуы керек. Қазір оңтүстік өңірлерде электр энергиясы жетпейді, біз оны сатып алып отырмыз. Қоғамға АЭС туралы толық ақпарат беру керек, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Қоғамда балама көздеріне қатысты яғни күн энергетикасы, су энергетикасы, жел энергетикасы сияқты нұсқалар да айтылып жатыр. Дегенмен бұл жерде балама көздерін салатын болса, ол қаншалықты тиімді  жұмыс істейді деген сұрақ туындайды. Себебі, күн электр станциясы күн бар кезде жұмыс істейді, күн жоқ кезде жұмыс істемейді. Жел электр станциясы да сондай, жел соқса ғана жұмыс істейді. Ол 100 пайыз электр энергиясын бере алмайды. Су электр станциясы да табиғатқа кереғар дүниелердің бірі. Өз басым су электр станциясының табиғитқа, экологияға зиянды әсері бар деп есептеймін. Мәселен, судағы балықтар, өсімдіктер мен жәндіктердің түрлері жойылып кетеді. Одан бөлек, суды күшпен бұру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, күн, су, жел электр станцияларының тиімділігі төмен болады. Дегенмен мамандар балама жолдарды күннен күнге дамыту жолдарын жасап жатыр. Осыларға негізделе отырып, атом электр станциясын салу нұсқасы бар, — дейді сарапшы.

Амангелді Нұрланның сөзінше, АЭС қажетті электр энергияның 10 пайызын ғана береді.

АЭС — энергияны 100 пайыз қамтамасыз етеді, бірақ елімізге қажетті энергияның 10 пайызын ғана өтеп бере алады. 36 пайызын күн электр станциясымен, 27 пайызын жел электр станциясымен, 12 пайызын су электр станциясымен және 15-17 пайызын жылу электр станциясымен, қалған 10 пайызын АЭС арқылы электр энергетикасын өтейміз дейді. Бұл алдын ала болжам бойынша 2035 жылға дейін өтеледі деп жоспарланған. Сутегі энергиясы деген болашақ энергиялары бар. Термо ядролық реакциялар деген нұсқасы да бар. Бұл да енді дамып жатқан салалары. Бірақ сутегі энергетикасы мен термо ядролық реакциялар бойынша энергетика болашақта іске асады. Бүгінде ғалымдар ол бойынша зерттеулер жүргізіп, іске асырудың көздерін жасап жатыр. Қазір әлемде сутегімен жұмыс істейтін станциялар жоқ. Сутегі жарылғыш зат болып келеді. Оны ұстап тұру, отынға пайдалану оңай нәрсе емес. Сондықтан осы тұсын да ойлану керек, — дейді маман.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда АЭС салу арқылы ғана энергия тапшылығы мәселесі шешіледі.

2400 МВт-тық АЭС 26 ГВт энергияның толық қажеттігін өтемейді. Оның тек 10 пайызын ғана шешеді. Сондықтан меніңше, бір ғана АЭС-ті салып, онда өзіміздің мамандар жұмыс істеп, эксплуатациядан өткізіп, электр энергияны қолдана бастаса ғана екіншісін, үшіншісін салуға болады. Халық АЭС-тен келетін қауіптен қорқып отыр. Бүгінде әлемде технология дамыған, сондықтан қауіпсіздігі жоғары деңгейде екенін біз дұрыс түсіндіруіміз керек. Дүниежүзінде 415 реактор бар. Халық АЭС-тен неге шошынып, қарсылық танытады? Олар кезіндегі бірінші, екінші буынды реакторларды мысалға келтіре береді. Қазір үшінші буын саналатын атом электр станцияларын көп елдер салды. Сондықтан қауіпсіздік жағдайы жоғары деңгейде, — дейді Амангелді Нұрлан.

Айта кетейік, елімізде АЭС құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазан күні өтеді.

АЭС салынуына кімнің көмек көрсететіні әлі анықталмаған. Алайда ресейлік, оңтүстік кореялық, қытайлық не франциялық компаниялардың кандидатурасы жайлы белгілі. Айтап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.

АЭС құрылысының мақсаты елдің энергия тәуелсіздігін нығайту және экономикалық өсімді қамтамасыз ету болғанымен, экологиялық және қауіпсіздік мәселелері үлкен назарда болуы тиіс.

Басқа жаңалықтар