Әлеумет

Өмірге үміт сыйла!

Одан кейін Ойыл күндері аясында «Ана» үйінде «Өмірге үміт сыйла» атты қайырымдылық шарасы өтті. Онда алдымен аудан өнерпаздары қиын жағдайға тап болып, тағдыр тәлкегін арқалаған аналарға мерекелік сазды әуендерімен тамаша көңіл күй сыйлады. Толығырақ тарқатсақ, «Ана» үйінің ауласындағы шағын концертті Айзере Ерболқызы «Тұлпарым» әнімен ашса, Назира Жұмабаева мен Қайсар Махмет Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйімен бірі домбыра шанағынан төгілтсе, бірі гитараның ырғақғымен тартып берді. Одан кейін енді ғана өнердің сахнасында жарқырап келе жатқан Жанерке Құттығай «Әнші даусы» әнін әуелете шырқап берді. Ал, «Бақытты балалық шақ» облыстық фестиваль – байқауының бас жүлдегері Ақниет Боранбайұлы «Сәби бақыты» әнін орындап, жүректен шыққан үнімен нәзік жандылардың жанарын жасқа малды. Сонымен бірге ауданымызда отбасылық кәсіппен айналысып отырған ірі кәсіпкерлердің бірі, әр шараның басында жүріп демеушілік көрсетіп жүрген Қуаныш Қыстаубай пен Күлжамал Әліп бұл жолы да облыстық «Ана» үйіне заттай демеушілік жасады. Шара соңында Ақтөбе қаласы «Ана» қайырымдылық, қоғамдық қорының үйлестірушісі Таңсұлу Лакова осындай игі шараға ұйытқы болған аудан әкімдігі мен мәдениет қызметкерлеріне шексіз алғысын жеткізді.

Басқа жаңалықтар