Әлеумет

Тамдыкөл бөгеті

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бас кезеңінде Ойыл ауданын ұзақ уақыт десе де болады, республикаға белгілі екі адам басқарды. Олардың бірі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы - Нұрқасым Бердіқұлов, ал екіншісі аудандық атқару комитетінің төрағасы - Сағынтай Тұрғамбаев болатын. Бұл екі адамның ауданды басқару стилі, халықпен тіл табыса білуі, араласуы, еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсы болуына көзқарастары тым ерекше-тұғын.

  • Ең алдымен, — дейтін сол кездерде істес болған азаматтар- екі басшының іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеттері бір ойдан шығып жататын. Ауылшаруашылық, мәдени-тұрмыстық салаларды өркендетудегі шешімдері басқа да азаматтардың ой-пікірлерімен сабақтастық құрайтын. Халық ойынан шығып жатқан шешімдер мен ұсыныс-пікірлердің тез жүзеге асатынын олар жақсы білетін. Бұл екі басшының аудан тарихында ұмытылмастай істер атқарғандықтарын, арада біраз жылдар өтсе де, аудан халқы естеріне алып, жағымды жақсы әңгімелеріне арқау етіп отырады.

Аупартком бірінші хатшысы Н.Бердіқұлов Алматы облысының азаматы болатын. Жастайынан жердің, судың жайын ұғып өскен жас коммунисті Орталық комитет Ақтөбе облысының шалғайында орналасқан, жартылай шөлді және шөлейтті аумағындағы Ойыл ауданының партия ұйымын басқаруға бағыттайды.

Ауданның мән-жайымен танысып, табиғи ресурстарына көз жеткізіп, халықпен ақылдаса отырып іске кіріседі. Ең алдымен ауданның жайылымдықтары мен шабындықтарын суландырудың жүйелі жұмыстарын қолға алады. Аудан жерінің ауқымды көлемін алып, ағып жатқан бір-ақ өзен. Ол — Ойыл өзені. Оның да суы мол болғанымен аса бір ағынды емес. Бірақ мал суаруға, суармалы тары егісін двигател күшімен суаруға жетіп жататын.

Бөгет жасап өзен суымен суландырса, тегіс жатқан алқаптар көп. Осыны көздеген аудан басшылары Алтыотау, Қауғалы, Қоңыртоғай, Шатпа, Алғабас және Мемлекет жері аталып кеткен алқаптарға өзен суын шығаруға болады, — деген, жерлердің ауқымын өлшеттіріп, бұл өңірлердің мыңдаған гектар болатынын анықтатқан. Ол үшін АщыОйыл мен Ойыл өзендерінің құйылысына жақын маңнан өзен суын бөгеп, шлюз салуды, бөгелген өзен суы басқа арналарға ауысып кетпеуі үшін шлюз салынған жерден бастап дамбалар салу, сол дамбалар бойымен су өлшеп белгіленген жерлерге жылжуы, көлдетіп суарылуы көзделген.

Аудан тұрғындарымен келісілген шаруаны облпартком мен облаткомның келісімен алып, шешім шығарту үшін екі басшы облыс орталығына аттанады. «Бұндағы басшылардың көпшілігі — өте ауқымды жұмыс, мақұлдауға болады — десе, кейбіреулері қол жұмысымен атқару өте ауыр соғады. Қолыңда техника жоқтың қасы», — деген пікірлерге аудан хатшысы Н.Бердіқұлов тіке сөйлеп, облыстан көмек күшін сұраймыз. Ауданда қол күші жеткіліксіз, ал жазық даламызға су бағыттайтын дамбалар салуға 10-15 күшті бульдозерлі тракторлар мен жүк машиналары қажет боладыны айтқан.

Облыс басшылары: — Алған бетіңізден қайтпайтын жан екеніңізді білеміз. Қолға алған ісің өте ауқымды, оны уақытында сәтті аяқтау басты міндетің, — дей отырып, облыстық су шаруашылығы саласының басшыларына сұраған техникаларын, көршілес облыстардан сұрасаңыздар да жеткізіп беріңіздер,- деп тапсырған-ды.

Облыстан оңды шешіммен, үлкен үмітпен оралған аудан басшылары активтерді жинап, тағы бір ақылдасты. Жаз айлары аяқталуға жақын, алда күз келеді. Кешікпей бұл жұмысты бастауға келісті.

-Ең алдымен, — деді аупартком хатшысы, бұл игілікті істі халық жақсы түсінсін, айтыңыздар.

«Ертеңнен бастап өзен суын Құройыл арнасына бұруды жүргіземіз. Үлкен шлюз түсетін жерді ағын судан арылтамыз. Ірге тас құямыз. Шлюзді тұрғызу үшін өздерің білетін Тамдыкөл колхозының Құлаған жар қыратындағы тау-тау болып үйіліп жатқан мыңдаған тонна қалақтасты тасып жеткізу міндеті тұр.

Әрқилы қыры бар бұл жұмысты ыждағаттылықпен бастап кету іс басында жүргендерге оңайлықпен келе қоймады. Аудан ұжымдары болып күш біріктіруді, ұйымшылдықпен жүзеге асыру қажетті. Бөгет салатын маңайға сол кездегі шағын колхоздардан киіз үйлер әкеліп тігу жүргізілді. Жұмысшылар, құрал саймандар жеткізілді. Аспазшылар жасақталып, ыстық тамақтар ұйымдастырылды. Жиырма шақырымдай болатын Құлағанжардан тас тасуға кейбір колхоздарда бар «Полуторка» автомашиналары алдырылды. Тасты машинаға тиеп жіберу, шлюз басына жеткізілген тасты түсіріп алу көптеген қол күшін қажет етті.

Осы кезде бөгет салуды бастаушылардың ойына Ойыл қазақ орта мектебінің 9 және 10 класс оқушыларын қолынан келетін іске пайдалану түсті. Ол кезде жоғары класс оқушыларын бір ай мерзімге ауыл шаруашылығы жұмыстарына жіберу бағдарламасы болатын. Сол оқу жоспарының есебінен болу керек біздер (оның ішінде 9 класс оқушысы мен де бармын) Ойыл өзені бойынан бөгет салуға белсене араластық.

Сол кезде, қазірде өмірден озған, ауданның белгілі азаматтары атанған: Жайжан Оразов, Өтеген Дендербаев, Өтеміс Әкімов, Шардәулет Таңатаров, Табыл Құлияс, Тілеуғали Дүсіпов тағы басқа көптеген жастар жартылай аш-жалаңаш жүрсе де тер төгіп, еңбек үлестерін қосты.

Кезектесе жұмыс атқардық. Бір күні тас тиеуге барсақ, келесі күні шлюзге жеткізілген қалақ тасты түсіруге қатысамыз. Осындай қарқынды жұмыс нәтижесінде шлюз салу жұмыстары өз ретімен қыза түсті.

«Көз қорқақ, қол батыр» — дегендей ұзын-ырғағы ай жарым-екі айдай уақытта ірге тасынан басталған, екі сақиналы есігі және көтеріп, түсіретін жылжымалы қақпағы бар шлюз белгілі биіктікке жеткізілді. Ұзындығы, ендігі, биіктігі құрылыс инженер-техниктерінің белгіленгеніндей болып салынды.

Көптеген топырақ үйетін бульдозерлер көмекке келіп, шлюзді екі жағынан дамбалау жұмыстары басталды. Одан әрі жайылымдықтар мен шабындықтарға су шығару бағытындағы дамбаларды салу тоқтаусыз жүргізіле берді.

Құройыл арнасына бұрылған өзен суы өз арнасына қосылып, шлюз арқылы жіберілді. Ал шабындықтарға су жіберу көктемде өзен тасығанда басталатыны айтылды. Өзен ағысын реттей отырып, шлюз арқылы жіберілетіні, оны салуға еңбек үлестерін қосқан ересектердің де, жастардың да қуаныштарында шек болмады.

Игілікті істің нәтижелі аяқталуына орай шлюз басында ашылған шағын салтанатта ауатком төрағасы С.Тұрғамбаев құрылысшыларға зор ынтамен бірлесе атқарған еңбектері үшін аудан халқының атынан алғысын білдірді. Сөзінің соңында бұл шлюз Тамдыкөл колхозының аумағында жатқан табиғи құрылыс материалдары: қалақ тас, қарасаз, қиыршық құм т.б тасып жеткізу арқылы салынды. Сонымен қатар, осы колхоз басқармасы құрылыстың «наны» аталатын тонналаған цементті, малға айырбастау арқылы Мақат, Доссор мұнайшыларынан алып, жеткізіп тұрды.

Сол себепті ауаткомның шешімімен бұл құрылыс орны бұдан былай Тамдыкөл платинасы (бөгеті) аталады. Бұл қуанышты хабарды жиналғандар қуана қарсы алды. Өте орынды ұсыныс дегенді де білдірді.

Келесі көктемде өзен тасып, су мол жиналды. Берік салынған дамбалар бойымен баяу ағып жазық жатқан жайылымға жайыла түсті. «Сулы жер, нулы жер» — деген халық даналығындай, мыңдаған гектар алқап көкорай шалғынға айналды.

Бұл елін, жерін өркендетуге ұмтылған ел азаматтарының, сол кезеңдердегі аудан басқарған Нұрқасым Бердіқұлов пен Сағынтай Тұрғанбаевтың ой-саналарынан шыққан шығармашылық бастамалары еді. Игі бастама аудан тұрғындарының қызу қолдауымен қиын кезеңдерде жүзеге асырылды.

сынаптай сырғыған уақыт араға көптеген жылдарды салып та үлгерді. Тамдыкөл бөгетінің халық пайдасына жарап тұрғанына да жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Халықтың шын ниеті мен адал күшімен салынған бөгет әлі де халыққа қызмет көрсете берері анық.

Сөз орайы келгенде бұл тақырыптың басты кейіпкері бола білген аупарткомды біраз жыл басқарған Нұрқасым Бердіқұловтың қысқаша болса да еңбек жолына тоқтала кеткенді жөн санадым. Бұл азаматтың ел басқарушылық, іскерлік қабілеті бір-екі ауданда басқарумен аяқталмаған. Ол Ырғыз ауданы партия ұйымында ұзақ басқарды. Сол жерде де іскерлігімен, халық шаруашылығын тәуір басқара білуімен, халықпен тығыз байланыста болуымен көзге түсті.

Ырғызда қой шаруашылығын өркендетуге мол үлес қосқан оннан астам аға шопанның Еңбек ері атағын алуларына мықты назар аударды. Жасы ұлғая келе, туған жеріне оралған Н.Бердіқұлов ағамыз ел халқының әлеуметтік-тұрмыс тіршілігі саласында еңбек етуді тоқтатпады. Алматы облысының Калинин атындағы колхозды да мықтап дамытты. Ерен еңбегі ескеріліп, Социалистік Еңбек Ері атағының Алтын жұлдызына ие болды.

Арыстан АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Еңбек ардагері, журналист.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар