Басты тақырыпРухани жаңғыру

Ұя жасап құстарға…

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен биылғы тұңғыш Президентіміз жариялаған Жастар жылына орай аудандық абаттандыру жұмыстарына үлес қосу, жастарды адамгершілік, еңбек сүйгіштік қасиеттерге баули отырып, құстарға жанашырлық таныту, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу мақсатынды «Ұяшықтар» әлеуметтік бастамасы қолға алынған болатын. Бұл бастама барысында мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері ата-аналарымен бірлесе отырып құстарға жайлы ұяшықтар жасады.

Құстар ұяны өздеріне қауіп төндіретін жануарлардан, сонымен қатар қолайсыз ауа райынан қорғану үшін салады. Ұяны өз дене бітімдеріне, басып шығаратын балапандарына қарай жасайды. Кейбір құстар ұяны балшықтан илеп тұрғызса, кейбірі ағаш бұталарынан құрастырады. Ал тіпті бірі ағаш қуыстарында ұя қылып орнығып алады. Құстардың мекен ететін жерлеріне байланысты ұялардың биіктігі де әртүрлі болады. Үкілер биік ағаштың қуысын паналаса, қырғауылдар керісінше ұя салуға жерді қолайлы деп есептейді. Ал үйректер болса, ұяларын ағашқа да емес, жерге де емес су бетіне салады. Адамға үйір, бауырмал қарлығаш ұясын үй маңына орнатады. Мұны адамдар жақсылыққа балап жатады. Бала күнімізде күн жылына салысымен, құс келгенше бір-бір ұя жасап ағашқа орнатқанша асығушы едік.

Ұя жасап тақтайдан,
Талға апарып байладым.
Жыл құсының шаттанған,
Күттім қашан сайрауын- деп орнатқан ұяға қашан құс келіп қонатынын, оның қашан балапан басып шығаратынын тосатынымыз тағы бар. Ал қазір осы үрдіс әлі жалғасын табуда ма? Әлде қазіргі балалар құсқа ұя не үшін керектігінен де бейхабар ма? Міне осы көктем кереметін қайта жолға қою, жаңғырту мақсатында аудан орталығында тағы бір бастама қолға алынған болатын. Осы бастаманың қорытындысы бойынша жуырда сапалы, әрі сәнді жасалған ұяшықтардың иелері жүлделі орындарға және ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ал әлеуметтік желіден ең көп дауыс жинаған қатысушы ерекше аталып өтіліп арнайы сертификат және бағалы сыйлық еншіледі. Басқа да барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды. Бұл шара жасалған ұяшықтарды балалардың және олардың ата-аналарының қатысуымен құстарға қамқорлық жасау мақсатында Жолмырзаев көшесіндегі ағаштарға орнатумен жалғасын тапты.

Салтанат АМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар