ӨНЕРГЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАН ЖАС ТҮЛЕКТЕР

Өткен аптада Ойыл аудандық мәдениет үйінде Ойыл аудандық балалар музыка мектебінің мектеп бітіруші түлектеріне арналған «Қияға самға, жас түлек!» атты салтанатты кеш өтті. Өнер ордасында білім алып, шығармашылық қабілеттерін шыңдаған жас түлектер үшін бұл кеш ерекше әсерге толы болды. Салтанатты жиынды мектеп директоры Ләззат Сабиржанова ашып, оқу жылының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол мектептің жетістіктерін атап өтіп, түрлі байқаулар мен фестивальдерде ауданның абыройын асқақтатып жүрген оқушылардың табыстары туралы баяндады.
Кеш барысында хор, вокал, домбыра және хореография бөлімдерінің түлектері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Өнерлі жастардың орындауындағы әндер мен күйлер, мың бұралған билер мерекелік кештің ажарын аша түсті. Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – мектептің бұрынғы түлегі, ұстаз Бұлбұл Шәутенованың класын 2020 жылы тәмамдаған Марат Сагиттің қатысуы болды. Жас әнші туған мектебіне құр қол келмей, көрермендерге әннен шашу шашып, ізбасарларына ақжарма тілегін жеткізді.
Салтанатты кеште Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысы Орынбасар Ізбасарұлы мен білім бөлімінің әдіскері Алтынай Асылбекқызы түлектерге куәліктерін табыстап, олардың болашақ өмір жолына сәттілік тіледі. Олар жас өнерпаздардың алған білімдері мен өнерлерін өмірде тиімді пайдаланып, биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді. Шара барысында бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, мектеппен тығыз байланыс орнатқан ата-аналарға мектеп директорының атынан алғыс хаттар табысталды.
Өз тілшіміз.



