Басты тақырыпБілім

Түлектер мен тілектерді тоғыстырған қоңырау

Биыл Саралжындағы Ә.Дербісалин атындағы мектептегі соңғы қоңырау әдеттегі жылдан өзгеше өтті. Әсіресе, осыдан 50, 40 жыл бұрын осы мектепті бітірген түлектердің туған топырақта тоғысуы еді. Туған өлкелеріне келмегендеріне алды ширек ғасырдан асқан, берісі Ақтөбе, Атырау, әрісі Астанадан ат арытып келген түлектер ауылдағы жақсылықтарға сүйсініп, қуаныштарға ортақтасып жатты…
Мектептің алдындағы алаңды жағалай тұрған оқуышылар мен ата-аналардың қақ ортасына биылғы түлектер мен осыдан 50, 40 жыл бұрын осы мектепті бітірген аға-апаларымыз шыққанда соғылған шапалақтан құлақ тұнды.
Ту енгізіліп, әнұран ойналып, салтанатты сәттің дәстүрлі шаралары өткізілген соң мектеп директоры Марат Тәжіғалиев жұршылықты оқу жылының аяқталуымен құттықтап, үздіктердің үлесіне тиесілі мақтау қағаздарын тапсырды. Ал, осы мектепті 50 жыл бұрын бітірген түлектердің атынан сөз алған Жұмабай Орынбасаров жерлестерін мерекемен құттықтап, мектеп басшысына өз сыйлықтарын тапсырса, 40 жыл бұрын қияға қанат сермеген кластастарының атынан мінбеге шыққан Ақтөбе облыстық қысқы спорт түрлері жөніндегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағамбетов пен Ақтөбе қалалық №4 емхананың меңгерушісі Нұрсәуле Ықсанова өз лебіздерін туған жерге деген перзенттік парызбен ұштастырып, өлең жолдарымен жеткізді. 1979 жылы мектепті бітірген 48 түлектің отызға жуығы туған топыраққа келіп, алтын ұяларына өз тартуларын ұсынды. Яғни, мектептегі қыз балаларға арналған технология кабинетін толық жасақтап беріпті.
Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәндігүл Өткелбаева ауданның өткен оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталып, бірқатар ұстаздарға алғыс хаттарын табыстап, салтанатқа жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Ал, соңғы қоңырауды 50, 40 жыл бұрын осы мектепті бітірген түлектерден Кеңесбай Жұмағалиев пен Нұрзия Кенжебекова және мектептің биылғы түлегі Қуаныш Мұратов пен 1 класс оқушысы Тоқжан Мерекеқызы кезекпен соқты.
Р.S.
Мерекелік шаралардан соң, мектепті 40 жыл бұрын бітірген түлектер мектеп ауласына 40 түп ағаш отырғызып, ауылдағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Басқа жаңалықтар