Білім

«Алтын тұмарда» үлесіміз бар

“Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың әулиесі сол” А.Құнанбаев (“Отыз үшінші қара сөзі”)

Қазақ халқының  ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды саласының бірі – қолөнер. Қолөнер – өресі биік, өрісі кең өнер.
Халық өнерінің сарқылмай дамуы үшін ол шебер жандардың қолында өрістеп, жүрек жылуына бөленіп, жетілуі керек. Қазақтың төл өнерін жаңғыртып, жерлестеріміздің шеберлігі мен талантын паш етіп «Алтын тұмар» жинағы жарық көрген болатын. Бұл – мұғалімнің мәртебесіне назар аударудың және оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытуға үлес қосқан баға жетпес жинақ. Бұл жинақта рухани құндылықтарымызды жүректерінің төріне құндақтаған көркем еңбек пәні мұғалімдерінің үздік қолөнер тәжірибелері енгізілген. Жинаққа жариялану үшін 280 ұстаздың жұмысы сараланып, соның ішінен 170 мұғалім іріктеліп алынған. Ойыл ауданы бойынша 9 мұғалімнің жұмысы жинаққа енген болатын. Оның ішінде Ойыл аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшілері Ақбота Әбілова, Гүлмира Даулетова және Алия Танатарова сынды мұғалімдеріміздің еңбектері жоғары бағаланды.
«Алтын тұмар» жинағының түбегейлі мақсаты – қолөнерге деген қызығушылықты арттырып, халық өнерін насихаттап, оны түрлі қиялмен жаңарта отырып, жас буынды қолөнерге баулу.
Бұл шығармашылық жұмыстар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ағартушы-педагог, этнограф Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына, қазақ поэзиясының символы М.Мақатаевтың 90 жылдығына бағытталған.
«Шеберлінің қолында, кәсіп болған бұл ағаш» деп Қашаған жырау айтпақшы ағаштан түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің жұмысы – мақтауға тұратын өнер туындысы.

Бекзат Әліпқалиев.

Басқа жаңалықтар