ӘлеуметБасты тақырып

Ойыл өзенін құтқару операциясы: алғашқы қадам жасалды

Талайлар ән-жырға қосқан Ойыл өзені туралы соңғы кезде аз жазылып жүрген жоқ. Оған себеп — аталған өзеннің тартылып, жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрғаны. Соның салдарынан бұрынғыдай мал суару һәм егін шаруашылығымен айналысу қиындай түсті, тіпті балықтар қырылып жатыр. Бірер апта бұрын Темір ауданының аумағында орналасқан Ойыл өзенінің сағасынан жалпы салмағы 270 келі өлі балықтың табылуы — осы сөзімізге дәлел. Ойыл өзенін бойлай өмір сүріп жатқан тұрғындар бұның барлығы заңсыз бөгеттердің салынып, кейбіреулердің суды өз мақсатына пайдалануынан десе, жергілікті атқарушы билік табиғи құбылыс дегенді алға тартады. Бір анығы, үлкен экологиялық мәселеге айналғалы тұрған Ойыл өзенінің қазіргі жағдайы болашақта ауызсу тапшылығына, артынша қоршаған ортаның бұзылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Осының алдын алуға бекінген табиғат жанашырларының бастамасымен сейсенбі күні игі іс қолға алынды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, биылғы мамыр айында арнайы құрылған комиссия мүшелері аталған бөгеттерді аралаған. Жұмыс тобы Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандары аумағында Ойыл өзенінің жоғарғы ағысында және бассейнінде 57 гидротехникалық құрылыстың, яғни бөгеттің барын анықтапты. Соның ішінде: республикалық меншіктегі — 8, коммуналдық меншіктегі — 3, иесіз бөгеттер — 34, көпір немесе көтерме жол — 5, тазартуды қажет ететін бұлақ саны — 7. Бөгеттер өзен арнасына Кеңес одағы кезінде салынған, яғни тозығы жеткен. Бұл тиісінше судың еркін өтуіне кедергі келтіріп отыр.
Сейсенбі күні Темір ауданы Еңбекші ауылындағы Ойыл өзенінің арнасының толуына кедергі келтіріп тұрған осындай бір бөгет бұзылды. Бұл — Ойыл өзенінің қалпына келуіне мүдделі тарап — жергілікті халықтың мұрындық болуымен басталған іс.
— Осыдан бір жыл бұрын Ойыл өзенін экологиялық апаттан құтқару мақсатында әлеуметтік желілер арқылы арнайы топ аштық. Ұзындығы 800 шақырымдық өзенді аман алып қалғымыз келеді. Өйткені Ойыл ауданының өзінде өзеннің ахуалы мәз емес. Кеуіп жатыр.
Тек ғаламтор кеңістігімен шектеліп қалмай,  осы мәселе бойынша 3 рет конференция өткіздік. Экспедициялар ұйымдастырдық. Нәтижесінде Ойыл өзенінің сумен толуына тікелей қатысты 57 бөгетті санап шықтық.
Ойыл өзеніне 60 шағын өзен келіп құяды. Ең үлкені — Қиыл. Ал оған жүз шақты бұлақ құяды. Солардың біразына бөгет салғасын Ойыл өзені өз деңгейіне толмай отыр. Халі мүшкіл. Бір айтарым, сол бөгеттер ашылып, бұлақтардың көзі тазартылса, Ойыл өзені ертең-ақ өз қалпына келеді. Осы іске биліктегілер селқос қарамаса деймін. Су шаруаларға да, халыққа да — барлығына жетеді. Соны ескерсе, жоғарыда айтқан амалдарды орындаса деген арман-тілегіміз бар, — дейді Ойыл өзенінің жанашыры Нұрлан Есенғазы.
Оның айтуынша, 57 бөгет — адам аяғымен анықталғаны. Егер мәселеге Үкіметтік деңгейде көңіл бөлініп, тікұшақпен араласа, Ойыл өзеніне су көзін жеткізбей тұрған құрылыстардың саны бұдан да көп болуы бек мүмкін…
Ал Темір ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жанболат:
— Осы көктемде ақтөбелік пен атыраулық табиғат жанашырлары, сала мамандарымен бірге Ойыл өзенінің сағасында орналасқан бөгеттерді аралап шыққан болатынбыз. Тексеріс барысында біздің аудан бойынша 24 бөгет табылды. Оның біреуі коммуналдық меншікте болса, қалғандары иесіз болып шықты. Міне, бүгін соның үшіншісін бұзып отырмыз. Жалпы, мамандар бұзылған үшеуінен басқа бөгеттердің Ойыл өзенінің ағысына кері әсер етпейтінін айтып отыр. Осыған байланысты ол жерлерде ешқандай жұмыстар атқарылмайтын болды.
Ал Алтықарасу ауылындағы Ойыл өзенінің бойындағы балықтардың қырылуына келсек, қажетті сынамалар алынды. Бір аптаның ішінде қорытындысы шығады. Барлығы 270 келі балықтың өлексесі табылды, — дейді.
Темір ауданының Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылы жанындағы Шығырлықұм өзенінің бойындағы бөгеттің бұзылуына атыраулық табиғат жанашырлары да жиналды. Олар, сөзсіз, бұны жақсы істің бастамасы деп отыр. Және бұның әрі қарай жалғасуына мүдделі.
— Біз Ойыл өзені бойындағы үшінші бөгеттің бұзылу сәтіне куә болу үшін Атырау облысы Қызылқоға ауданынан арнайы келіп отырмыз. Ендігі басқа да бөгет салынса деп тілейміз. Өйткені бұл бізге де ортақ мәселе. 4-5 жылдан бері тұрғындарымыз Ойыл өзенінен келетін суға зар болып отыр. Балық атымен жоғалды, өсімдіктер де жоққа тән. Бұған жауын-шашынның аз түсуінің әсері бар шығар, бірақ осындай бөгеттердің де зияны бары анық. Сондықтан біз, атыраулықтар, бүгінгі істің аяқсыз қалмай, Ойыл өзенінің бұрынғыдай тасып жатқанын қалаймыз. Ол үшін бөгеттер жойылып, жан-жағы тазалануы керек.
Өзім жетекшілік ететін қордың 20-дан астам мүшесі бар. Әр өңірде белсенді топтар құрылған. Бәріміздің ойымыз бір — Ойыл өзенінің арнасын суға толтыру. Әкімшілік тарапынан қолдау күтеміз, — дейді «Ойыл өзені» қоғамдық қорының құрылтайшысы Жүсіп Әбдіғали.
…Кезінде Ойыл өзенінің бойында орналасқан жұртшылық тіршілік көзі — суды қажетіне толық жаратқанын еске алады. Өкініштісі, бұрынғы мен бүгінгі жағдайды салыстыруға келмейді. Оған жергілікті атқарушы билік өкілдері бір топ белсенді, сала мамандары мен журналистерге Темір ауданының аумағындағы Ойыл өзенінің сағаларын көрсеткенде кезекті рет көз жеткіздік.
Ендігі үміт — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бастаған үлкен іс аяқсыз қалмаса екен…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар