ДенсаулықРухани жаңғыру

Ұлттық домбыра ұлықталған күн

Биыл елімізде екінші рет тойланып жатқан «Ұлттық домбыра күні» өткен жексенбіде біздің ауданда Ойыл аудандық ауруханасының перзентханасынан басталды. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев айтулы мереке қарсаңында дүниеге келген Нұрқанат атты перзентке домбыра сыйлады. Ақ тілегін ақтарып, «Біздің бүгінгі кішкентай сәбиіміз ертеңгі күні елінің, ұлтының қамын ойлап, ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтейтін абыройлы азамат болып өссін» деген жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар «Ақ әже» ансамблінің әжелері «Ақ орамал» акциясына ұйытқы болды. Яғни, Нұрқанат Жақсылықтың анасы Гүлзат Қожекеноваға ақ орамал тақты. Оған қоса айтулы мерекеде домбырасын арқалаған қос сері, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Боранбай Ешпанов пен Алтынбек Шотов дүние есігін ашқан сәбиге жолымызды қуып, домбырасы қолынан түспейтін қазақ елінің жарық жұлдызына айналсын деген ниетпен әннен шашу шашты. Осылайша Ұлттық домбыра күні қарсаңында аудандық перзентхана іші баланың іңгалаған дауысынан бөлек күмбірлі домбыра үнімен жаңғырды.

Басқа жаңалықтар