Басты тақырыпДенсаулық
Ойылға жылжымалы медициналық кешен келді
Шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында, дүйсенбі күні ауданымызға облыс орталығынан жылжымалы диагностикалық медициналық кешен келді.
Бұл кешеннің іші хирургиялық, гинекологиялық, рентген, тіс аурулары, кардиологиялық, УЗИ, жалпы қабылдау бөлмелері мен зертхана осы заманғы медициналық қондырғылар мен жабдықталған. Кешен құрамында облыстық кеңес беру-диагностика орталығының он бес білікті дәрігерлері: гастроэнтеролог, невропатолог, уролог, хирург, рентгенолог, барлық ағзаны қарайтын узист УЗИ аппаратымен, гинеколог психолог сынды мамандар село тұрғындарын қабылдады. Олар жол қатынасының қиындығына байланысты ауданға қарасты елді мекендеріне бара алмады. Алайда аудан орталығында 274 адамға медициналық қызмет көрсетті. Нақтырақ айтсақ, 78 адам гастроэнтерологқа қаралып, қаралуға келгендердің көбісі ішкі органдарын узиге түсірді. Арнайы мамандар денсаулығына алаңдап, шипа іздеген жандарды узиге, басқада медициналық аппараттарға түсіріп, қорытындысы бойынша ем тағайындады. Мұндай қызметтер негізінен ауруды тез анықтауға, алдын алуға медициналық көмек пен кеңес беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
P.S. Сонымен қатар Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев аудан тұрғындарын облыс орталығынан келген медициналық кешеннен диагностикадан өтіп, мамандардан дертіне шипа алуға кеңес берді. Жылжымалы медициналық кешеннің мамандары кеше Саралжын ауылдық округіне де арнайы барып, тұрғындарға медициналық қабылдау өткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.