20 жылдан астам медицина саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан Әдемі Демеуова Ойылдың қызы. Жалпы Демеуовтер аудан өңіріне жақсы таныс, Сарбие ауылында әр салада ұзақ жыл еңбек еткен өз ісінің ардагерлері. Бүгінде облыстық «Дару клиникасы» оңалту орталығының балалар неврологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас балалар нейро-реабилитологы, жоғары санатты дәрігер Әдемі Қажымұқанқызы сол әулеттің тұңғышы.
Ол Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина институтының студенті, кейін сонда көп жыл ұстаздық етті. Қолына дипломын алған сәттен бастап ақ халат киіп, жауапкершілігі ауыр саладағы жұмысын адал атқарып келеді. Басында оған Алматыда қалуға ұсыныс болыпты. Бірақ отбасы жағдайына қарай үйдің үлкені болғандықтан әулеттің қамқоршысы, ақылшысы, тіпті дәрігер ретінде көмектесу керектігін ұқты. Одан кейін Астанадағы «Ана мен бала» клиникасына шақыртулар түскен. Ал Әдеміге ақ қаланың қызметі бұйырыпты. Ол жаққа баруға отбасын және өз қарауындағы ерекше балаларды тастап кете алмайтындығын жеткізді. Үш бала тәрбиелеп отырған аяулы ана Ақтөбедегі балалардың жайын жақсы біледі. Оларға алаңдайды. Жас аналарға кеңестер береді. Қабылдау өткізеді. Ерекше күтімді қажет ететін балалар көп болғандықтан оның бос уақыты жоқ. Күніне 30-40 баланы қабылдайды. Ал айына бір екі рет 30 баланы тегін қарайды екен. 2015 жылғы “Жыл маманы”, “Дәрігер-Ана”. Корея, Мәскеу, Еуропа елдеріндегі үлкен орталықтарда оқып, олардың тәжірибесін көріп келген Әдемі Қажымұқанқызы білікті кадр. Ол жалпы балалар арасында аурудың көбеюін, өз саласындағы ахуалды өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып айтып берді.
«Астанаға ауыспай осында қалуымның себебі, бірінші отбасылық жағдай болса, екіншісі ерекше күтімдегі балаларды қимаймын. Оларға көмектескім келеді. Әрбір ата-анаға, әрбір балаға үміт сыйлап, оңалып кетулеріне үлес қоссам, ең үлкен құрмет сол. Ақтөбеде 1 жасқа дейінгі әрбір екінші баланың жүйке жүйесінде ауытқушылық бар екені ақиқат. Аутизм, даун синдромы, целебральді сал ауруына шалдыққан балалар көбеюде. Қазіргі уақытта жатырішілік, урегентальді инфекциялар өсуде. Тіпті немен байланысты екенін де білмеймін. Менингит, мидағы қан тамырының жарылуы – бәрі инфекциядан. Қазір әрбір екінші бала әйтеуір бір уақытта неврологиялық патологияны бастан кешірген. Әр ата-ана балалары үшін аяғы жеткен жерге дейін барады. Бізде мұндай балаларға невролог, реабилитолог, лфк, бассейн мен жақсы педагог жетіспейді. Осылар болса, солардың көмегімен-ақ кез келген ДЦП-ны емдеуге болады. Медицина да бір орын да тұрмайды, күнде дамып жатыр. Ал экология мен аналардың жүктілікке салғырт қарауынан, алғашқы триместерде вирусты инфекциямен ауырғанынан болатын келеңсіз жағдайлар көп емес. Қазір медицинада жүктіліктің ерте кезеңінде қандай да бір патологияны анықтаса, алдырып тастауға кеңес береді. Көп ата-ана бұдан бас тартады да, ақыры ауыратын баламен өмір бойы арпалысып жүреді. Инфекция бұрын да болған, бола береді де. Бұрынғы жылдары аналарымыз 10-15 баланы дүниеге әкелді. Шетінеп кеткендері де көп. Ол уақытта да корь, қызылша, бас сүйегіндегі қан қысымы, миға қан ұю сияқты аурулар болған. Оны кім біліп жатыр?! “Құдай берді, Құдай алды” деп жүре берді. Әжем 16 құрсақ көтерген. Соның 13-і шетінеп, 3-еуі ғана тірі қалған. Мұндай мысалдар өте көп. Ең мықты дегендері ғана тірі қалып отырған. Біздің әке-шешелеріміздің денсаулықтары мықты болуы содан. Олардан туған бізді қазір медицина жан-жақты күтеді. Бізде бала өлімі деген болмауы керек. Сол себепті әрбір баланы қамқорлыққа алып өмір сүруіне жағдай жасалады. Өйткені әлсізбіз. Бізден туған балалар бізден өткен әлсіз. 500,1000 грамм боп туылған сәбилерді бетіне жел тигізбей, бағып-қағып өсіруге мәжбүрміз. Бірақ олардың көбісі кислород жетіспеушілігінен аурушаң боп келеді. Сондықтан қазіргі таңдағы аурушаң балалардың көбею себебінің бірі осыдан байқауға болады» — деген Әдемі Демеуова әркез туған жерін ұмытпайтынын айтты. Ойыл десе бүйрегі бұрып, елеңдеп отыратынын жасырмады. «Туған жерді ұмыту мүмкін бе? Ел жақтағы жаңалықтарға құлағымды түріп жүремін. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ойылға бірнеше рет бардық. Жас аналарға кеңестер беріп, науқас балаларды қабылдап, бағыт сілтедік. Емделу жолдарын айттық. Ойылдық дәрігерлермен бірге әрбір баланың болашағын, адам қатарына қосылып кетуі үшін талқыластық. Ал Ақтөбедегі аудан күндерінде бірнеше балаға тегін ота жасалды. Осындай шарапатты шаралардан қалмаймын. Ал өзімнің жұмыс жасайтын бөлімшеге Ойылдың бір баласы түсіп жатыр дегенді естісем, міндетті түрде барып қараймын» — дейді ол. Мұның өзі туған жердің әр перзентіне деген ыстық ықыласы. Өткен жылы облыстық басылымдардың біріне көлемді сұхбат берген Әдемі Қажымұқанқызы облысымызда ерекше балаларға арналған орталықтар ашылатынын айтқан еді. Содан бері «Асыл мирас» қоры ашылып, онда аутизммен ауыратын балалар емделе бастады.
«Бұйыртса қаламызда облыс әкімінің қолдауымен және көптеген ұсыныстармен негізінде Батыс-2 шағын ауданында үлкен реабилитациялық балаларға арналған орталық ашылмақ. Онда заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталып, мықты маман дәрігерлер жаңа әдістермен жұмыс жасайды. Целебральді сал ауруына шалдыққан, эпилепсиялық, жарақат алған, жарақаттан соң емдеу секілді көмектер көрсетіледі. Болашағы зор орталық болады — деп ойлаймын. Мен де сол орталыққа емдеу бөлімінің меңгерушісі болып ауысамын. Сол жерде әрқашанда балаларды қарсы алуға дайынмын.»
Ол кешегі облыс бойынша тұңғыш рет өткізілген «Анаға тағзым» слетіне аяулы ана, маман әйел ретінде шақырылды. Бұл туралы ойымен де бөлісті.
«Анаға тағзым» слеті керемет ұйымдастырылған шара болды. Алдын-ала бәрін ойластырып, жоспарлаған. Мыңдаған аналар бұл шарадан ерекше әсер алғаны анық. Көптеген елімізге танымал тұлғалармен кездесудің, дидарласудың мүмкіндіктері туды. Мен бұрын ойлайтынмын мұндай үлкен шараға тек атақты адамдар қатысады деп. Жоқ. Қарапайым жас аналарға дейін, елге әр сала бойынша қызмет еткен, етіп келе жатқан көптеген ауылдық жерлерден келіп қатысты. Сый-құрмет бірдей көрсетілді. Мұның өзі нәзік жандылардың қоғамдағы белесін көрсетсе керек. Ана ретінде айтарым, жас келіншек болады 7 баласы бар немесе 1-2 баласы бар жасы келген үлкен ана бар… Мен бұлай салыстырып қарай алмаймын. Әрбір ана үйінің ұйытқысы, болмаса әулеттің бетке ұстар келіні болуы мүмкін. Оған да байланысты емес. Ана деген сондай өзінің төл міндеттерімен қатар қоғамға, елге қызмет етіп пайдасын тигізгенде ғана дәрежелі ана болады. Оның өзі күш, уақыт, және ішкі ынтасы, құлшынысы. Слет жоғары деңгейде өткізілді. Мен өте қуаныштымын. Көппен бірге облыс басшыларына алғысым шексіз. Қаншама көмек көрсетілді, қаншама ана қатысып жақсы әсер алды. Бұл жалғасын тауып әлі де аналардың қатысуын арттыру керек деп ойлаймын. Ал маған Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апайдың кездесуде айтқан мына сөзі қатты ұнады. «Мейлі сен ардақты ана бол, мейлі әулеттің мықты келіні бол, мейлі адал жар бол, бірақ та әйел адам екеніңді ешқашан ұмытпа»-деген еді» деп сөзін аяқтады невролог Әдемі Қажымұқанқызы.
Самат НАРЕГЕЕВ,
Ойыл селосы.