Әлеумет

Студенттік кезең – қимас шақ

Адамның есінде ерекше естеліктерімен жатталып қалатын—студенттік шақ. Жастық жігермен мойымас қажырмен алған білім тасқа қашалған жазудай. Студенттің әр күні мейрам, әр күні қуаныш. Қарын аш болғанмен көңіл тоқ кезең. Студенттердің әр күні мерекедей өтсе де, күнтізбеде белгіленген күн бар. Ол — халықаралық студенттер күні.
Осы орайда Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының ұжымы студенттер меркесін аудандағы жастар саясатының дамуына үлес қосып, түрлі шараларда белсенділік танытып жүрген Ойыл аграрлық колледжі студенттерімен өткізді. Мерекемен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1939 жылы 28 қазан күні фашистер басып алған Чехословакияның студенттері мен ұстаздары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына жиырма бір жыл болғанын атап өту үшін шеруге шыққан. Басқыншы бөлімдер шеруді басып тастап, сонымен бірге медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды атып тастайды.
1939 жылы 15 қарашадағы Яна Оплеталды жерлеу рәсімі кезінде студенттер қайтадан наразылық танытқан. Шеруге шыққандардың көбі қамауға алынып, 17 қарашада таңертең студенттік жатақханалар қоршауға алынады. 1200-ден астам студент ұсталып, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамалған. Студенттік қозғалыстың тоғыз белсендісі Рузина атты прагалық ауданда түрме қабырғасында сотсыз дарға асылған.
Арада біраз уақыт өткен соң 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде бұл күн Халықаралық студенттер күні болып белгіленген. Бұл мереке күні бүгінге дейін өз маңызын жойған емес. Алған білімін ел болашағының жарқын болуы үшін пайдаланып, өз ісінің нағыз маманы болар жастарымыздың қатары арта түседі деген ойдамыз.

Нұрсұлтан ЖУМИН,
Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының маманы.

Басқа жаңалықтар