Ақтөбеде өңірдің үздік тауарлары анықталады

15 шілде күні Ақтөбеде жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқаулары өтеді. Аталған іс-шаралар Ақтөбе облысының үздік тауар өндірушілерін бір алаңға жинайды. Көрмеде өңірдің 80-ге жуық жергілікті тауар өндірушісі өз өнімдерін ұсынады. Келушілер сапалы отандық өнімдермен танысып, жаңа брендтерді ашып, жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, тауарларды өндірушілердің өз бағасымен сатып ала алады. Көрмеде жергілікті өндірісті дамытуға, бірегей өнімдерді ілгерілетуге және ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың өнімдері де таныстырылады. «»Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқаулары жергілікті өндірушілерді қолдау мен олардың өнімдерін насихаттаудың маңызды алаңына айналды. Бұл – кәсіпкерлер үшін өз өнімдерін таныстырып, жаңа серіктестер тауып, тауарларының сапасына әділ баға алуға берілетін мүмкіндік. Биыл да кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау шаралары, бизнесті дамыту және отандық өнімді ілгерілету мәселелері бойынша ақпараттық-оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Көрме өңір тұрғындарына жергілікті кәсіпорындардың үздік өнімдерімен танысып, оларды тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік береді. Барша ақтөбеліктер мен қала қонақтарын көрмеге қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар өңірлік кезеңнің жеңімпаздары облысымыздың атынан республикалық кезеңде бақ сынайды», – деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.
Іс-шара Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтеді. Көрме 15 шілде күні сағат 10:00-де «Өнер орталығы» ғимаратында (Әбілқайыр хан даңғылы, 90Б) басталады. Кіру – барлық келушілер үшін тегін.



