ОЙЫЛДАН ҚАЙЫҚПЕН ӨТЕМІЗ! ТӨРТ АУЫЛМЕН ҚАТЫНАС ҮЗІЛДІ
«Қиын-қыстау, қилы заманда, не болмаған байтақ даламда» - деп басталатын «Біз біргеміз!»әні былтыр елде төтенше жағдай болғанда халықты біріктіретін әннің бірі болды. Желідегі видеоларға да осы ән фон ретінде қойылып жүрді. Біз көрісіп, көже ішіп жүргенде бір әріптесіміз әлеуметтік желіге «Биыл осы әнді айтпайтын шығармыз?» - депті...

Бірақ, «Біз біргеміз!» деп біз бірінші бастап кеттік! 15 наурыз күні Ойыл ауылының кіре берісіндегі уақытша көпірімізді қардың суы шайып кеткендігі туралы ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Сол күні кешқұрым уақытша көпірдің қалпына келтірілгені туралы хабар тигенімен көп кешікпей қар суы күні бойғы еңбекті кеш қылды.
Уақытша өткел жанында арнайы техникалар мен жергілікті атқарушы органдар, Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілік пункті ұйымдастырылды. 16 наурыздан бастап өзеннің арғы бетіндегі ауданның екі округі, басқа аудандармен және облыс орталығымен қатынас облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің күшімен жүзеге асырыла бастады. Яғни, бүгінгі күні төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бес моторлы қайықпен тұрғындарды судан өткізіп жатыр. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етіп тұр. Өзеннен қайықпен өткізу таңертеңгі сегізден кешкі жетіге дейін ғана жүргізіледі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын-алу басқармасының бастығы Аслан Арзымбетовтің 17 наурыз күнгі мәліметі бойынша Ойыл селосына кіре берістегі негізгі көпірдің жанынан тұрғызылып жатқан уақытша техникалық көпірдің құрылысы үш күннің ішінде аяқталып, көлік қатынасы қамтамасыз етілуі тиіс.
Р.S. Ал, қазіргі таңда Ойыл ауданында төрт ауылмен көлік қатынасы үзілді. Яғни, Қараой, Құбасай, Ақшатау ауылдарымен байланыстыратын күре жолдарды қардың суы жарып кетсе, Көптоғай Ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылымен қатынас Ойыл өзеніндегі су деңгейінің өсуіне байланысты үзілді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.