ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпМәдениет

ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Әр адам өз өмірінің соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де, сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты.

Соқпағы соңынан ерген ізбасарларына үлгі мен өнегенің жолы болған, мәдениеттің майын ішкен аға буыннан тәлім мен тәрбиені бойына сіңірген өнер иесінің бірі –Айсұлу Мәмбетова.
Айсұлу Кенесарықызын жасы үлкен-кіші замандастары сахнадағы өз әлемін, шығармашылық еңбегін жоғары бағалайды. Құдіретті табиғат адами қасиеттерін дарытқан кеш иесінің ғұмырнамасының айшықты ғибраты соның айқын белгісі.
Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгісінің, «Ойыл ауданы әкімі сыйлығының» иегері Айсұлу Мәмбетованың «Өмірімнің жарқын әлемі» атты шығармашылық кеші өтті. Ән қалықтап, бимен өрілген кеште ағайындары мен әріптес аға-апалары, замандастары және ізбасарлары бар саналы ғұмырын Ойылдың өнеріне арнаған Айсұлу Кенесарықызының қуанышын бөлісіп, мерейін асырды.
Қырық жыл бойы Ойылдың сахнасының ішіндегі де, сыртындағы да ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан Айсұлу нағыз өнердің өз өкілі. Мерейтой иесінің құшағын гүлге толтырған кеште үзеңгілес достары Айсұлудың «өмір архивін» ақтарып, естеліктерден сыр шертті.
Қырық жыл кездеспеген студенттік кезеңнің қызығы мен қиындығын бірге көрген группаласы Дәурен апайдың келуі Айсұлу күтпеген тосын сый болды. Облыстық халық шығармашылық орталығынан Г.Романова мен көршілес Байғанин, Қобда аудандарынан әріптестерінің келуі Айсұлудың Ойылда ғана емес, облыс мәдениетінде өзінің орны бар екендігінің айғағы.
Әріптес ағалары Амангелді Жұманов, Мұқан Сатыбаев, Нұрлыбек Қалауов пен Гүлжан Сағыновалар ізгі лебіздерін жолдаса, ізбасарлары ән-жырдың тиегін ағытты. Бір кездері қанаттаса еңбек еткен аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Сәкен Займолдин мен «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналиндер де естелік сыйлықтарын ұсынды.

Басқа жаңалықтар