Экономика

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы: Ел дамуының негізі

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толғалы отыр. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыз — еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің, құқықтық мемлекеттілігінің негізі болып саналады және Конституция – Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін басты құжат.
Өткен 30 жыл ішінде елімізде бірнеше рет конституциялық реформалар жүзеге асырылды. Әрбір реформаның басты мақсаты — қоғамның өзгерістеріне бейімделу, халықтың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету болды. 1998 жылы енгізілген өзгерістер Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталды. 2007 жылғы реформалар саяси партиялардың рөлін арттырып, Мәжіліс депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлау тәртібін енгізді. Сондай-ақ осы реформалар нәтижесінде президенттік өкілеттіктердің бір бөлігі Парламент пен Үкіметке берілді. 2017 жылғы конституциялық өзгерістер билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелерін қамтыды: президенттің бірқатар функциялары Үкімет пен Парламентке беріліп, өкілеттіктердің тепе-теңдігі күшейтілді.
2022 жылғы тарихи реформалар нәтижесінде Конституцияның үштен бір бөлігі жаңартылып, елдің жаңа саяси жүйесін қалыптастыруға жол ашылды. Бұл өзгерістердің ішінде Конституциялық Соттың қайта құрылуы, адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерінің енгізілуі, мәслихат депутаттарын сайлау жүйесінің жетілдірілуі және Президент өкілеттігінің бір мерзіммен шектелуі секілді маңызды жаңалықтар бар.
Соңғы жылдары жүргізілген реформалар Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге өтуін қамтамасыз етті. Атап айтқанда, 2022 жылғы конституциялық реформа шеңберінде Адам құқықтары жөніндегі Уәкілге конституциялық мәртебе беру туралы шешім қабылданды.
Бұл қадам еліміздің құқық қорғау жүйесіндегі маңызды өзгеріс болып табылады. Енді Уәкілдің мәртебесі мен өкілеттіктері тікелей Конституцияда бекітіліп, оның тәуелсіздігі мен қызметінің құқықтық негізі нақты айқындалды. Бұл өзгеріс адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында ұлттық институттың рөлін күшейтіп, құқықтық мемлекеттің дамуына жаңа серпін берді. Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының конституциялық деңгейде танылуы азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді ұлттық тетігін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Шынында, 30 тамыз — Конституция күні — Қазақстан халқы үшін ерекше күн.
Бұл күні біз Ата Заңымыздың қабылдануының мерейтойын атап өтіп қана қоймай, заң үстемдігін, азаматтық келісімді, еліміздің тұрақты дамуын, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын дәріптейміз. Себебі, Конституция — әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне құқықтық негіз беретін құжат және қоғамның дамуы мен бейбіт өмірінің, заң үстемдігінің кепілі ретінде Қазақстан халқының ортақ құндылығы.
Конституцияның әрбір бабы еліміздегі негізгі бұлжымас ережелерді бекіте отырып, қоғамдағы әділеттілікті, азаматтық келісімді және тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Осы ретте, болашаққа нық қадам басуымыздың және демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекетті қалыптастырудың негізі ретінде Ата заңның ролін түсіне отырып, әрбір қазақстандықтың Конституцияны білуі, құрметтеуі, оның талаптарын орындауға ұмтылуы аса маңызды.
Бұл бағытта Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының тарапынан — өтініштермен жұмыс, жабық мекемелер мониторингі сияқты негізгі қызмет бағыттарынан бөлек, кешенді құқықтық ағарту шаралары жүзеге асырылуда.
Осылайша, 2025 жылғы 1-жартыжылдықта азаматтарды құқықтық құлағдар ету, олардың құқықтық сауатын көтеру бағытында Уәкілдің орталық аппаратымен 45, өңірлердегі өкілдермен 1 110 іс-шара өткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артық. Бұл кезеңде жалпы халықты құқықтық түсіндіру іс-шараларымен қамту көрсеткіші 2 миллион адамнан асты, бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 32 есе көп. Сонымен қатар, 2 024 ақпараттық материал, мақалалар мен түсіндірмелік сипаттағы насихаттық өнім дайындалып, БАҚ-та жарияланды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,5%-ға жоғары.
Жастардың құқықтарын ілгерілету, құқықтық сауаттылықты арттыру және ақпараттық қолдауды күшейту мақсатында 2025 жылғы маусым айында Уәкіл жанынан «Еркіндік рухы» атты Жастар құқықтары жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамына жас заңгерлер, зерттеушілер, студенттер және басқа да белсенді жастар кірді. Мәселен, бүгінгі күні Парламент Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшелері мен аналитика мектебінің түлектері, «АСК» республикалық студенттік қозғалыс мүшелері, студенттік омбудсмендер, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің кеңесшісі жастар комиссиясының белсенді мүшелері.
Адам мен азаматтың Конституцияда белгіленген іргелі құқықтарын қорғау, бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ету — Уәкілдің басты міндеттерінің бірі.
Осы ретте, Ата заңымыздың іргесін нығайтуға бағытталған қызмет өз жалғасын таба бермек.

Аққалқа БАЙДУЛЛИНА

Қазақстан Республикасындағы
адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің
Ақтөбе облысы бойынша өкілі

Related Articles

Back to top button