ӘкімдікӘлеуметСұхбат

БІЛІМДІГЕ ЖОЛ АШЫҚ!

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және жұмысқа орналасу тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастамасымен «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде 2023 жылдан бастап жас мамандар үшін мемлекеттік қызметке орналасу тетігі жеңілдетілді.

Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру гранты негізінде жоғары білім алып, оқуын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектер диплом алған күннен бастап бір жыл ішінде бірқатар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған норма білікті жастарды мемлекеттік қызметке тарту, өңірлердегі кадр тапшылығын азайту және жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатында енгізілген. Қазақстанда жастар үшін мемлекеттік қызмет — кәсіби өсуге, тұрақтылыққа және ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды мансаптық бағыт.
Бұл оқу орнын енді аяқтаған жас түлектерге жақсы мүмкіндік.
Осындай мемлекет ұсынған мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, жоғарғы оқу орнын үздік аяқтаған жас мамандар біздің ауданда да конкурссыз-ақ мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жұмысқа қабылданып жатыр.
Солардың бірі — Ақбаян Аяғанова. Көптоғай ауылында дүниеге келген Ақбаян Дулатқызы 2025 жылы Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетін философия және психология факультетін «Әлеуметтік қызметкер» мамандығын мемлекеттік білім беру гранты негізінде үздік дипломмен аяқтады.
«Оқу орнын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу туралы жастарға мүмкіндіктер қарастырылғаны туралы естідім. Жоғарғы оқу орнындағы үздік жетістіктерімнің нәтижесінде мен үшін еңбек жолымды бастау кезеңінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.
Осы аталған бастаманың аясында мен мемлекеттік қызмет істері бойынша уәкілетті органның келісімімен «Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-не жетекші маман лауазымына жұмысқа қабылдандым. Мен жас маман ретінде осы қызметке тағайындалуым мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың жемісі. Бұл мүмкіндіктер жастардың өз білімін тәжірибеде қолдануына, кәсіби тұрғыда дамуына және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысуына жол ашады. Осы ретте жастарға сенім артып, олардың кәсіби қалыптасуына жан жақты қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысына шынайы ризашылығымды білдіремін. Жастарға жасалған мұндай қамқорлық пен қолдау олардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, адал қызмет етуге деген ынтасын күшейтетіні сөзсіз.
Сондықтан, жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан жастарға мемлекеттік қызмет жолын таңдағың келсе, біліміңнің сапасына баса назар аудар дегім келеді. Өйткені, мемлекеттік қызмет тек тұрақты жұмыс орны ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайда келтіріп, ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін жауапты сала.
Мен жас маман ретінде, мемлекет тарапынан көрсетілген осындай сенім мен қолдауды жоғары бағалай отырып, өзіме жүктелген міндеттерді адал әрі сапалы орындауға, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге дайын екенімді білдіргім келеді.
Мемлекет тарапынан көрсетілген сенімді ақтау — мен үшін үлкен міндет, әрі абырой» — дейді Ақбаянның өзі.
Қазіргі таңда толыққанды мемлекеттік қызметші мәртебесін алып, қызмет атқарып жатқан Ақбаян кейінгі буынға үлгі болып, жастардың білімге деген ұмтылысын арттырары хақ! Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мамандарының жастар арасында жиі түсінік жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы білімді жас кадрлармен толыға бастады.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button