
19-24 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында волейболдан 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Ақтөбе облысының чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға облыс орталығы мен аудандардан келген үздік командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған жарыста Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Топтық кезеңнен сенімді өткен ойылдық спортшылар алдымен Шалқар және Байғанин аудандарының командаларын тізе бүктіріп, келесі кезеңге жолдама алды.
Ширек финалда Темір ауданының командасымен кездескен жерлестеріміз қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 2:0 есебімен айқын басымдық танытты. Ал жартылай финалда Ақтөбе қаласының мықты құрамасымен тартысты матч өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Финалдық бәсекеде Ойыл құрамасы Байғанин ауданымен қайта жолығып, бұл жолы да шеберлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Ақтөбе облысының чемпионы атанды. Осылайша, ойылдық жас волейболшылар Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдаманы жеңіп алды.
Бұл жеңістің артында жаттықтырушылардың табанды еңбегі мен тынымсыз дайындығы жатыр. Команданы биік белеске жетелеген бапкерлер Нұрлыжан Амангелдіұлы мен Рахат Сәлімұлының шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі ерекше құрметке лайық. Жас спортшылардың жеңісі – ұстаздарының маңдай тері мен жүйелі жұмысының айқын жемісі. Ойыл спортының абыройын асқақтатқан жас чемпиондарды және жаттықтырушыларын шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңіс – алдағы үлкен белестердің бастауы болсын. Еліміздің намысын қорғайтын келесі жарыстарда да жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Г.АБАЙҚЫЗЫ



