Экономика

БӨБЕКТЕРДІҢ БАЛ КҮЛКІСІНЕ БӨЛЕНГЕН МЕКЕН ҚАРАТАЛДА ЖАҢА БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

Қуанышы мен күлкісі қатар өрілген Қаратал ауылында ерекше игілікті шара өтті. Шығанақ Берсиев ауылдық округінде жаңа «Балбөбек» бөбекжай-бақшасы есігін айқара ашты. Ашылу рәсіміне Ақтөбе облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлжан Құлыбекова, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, ауылдың ардақты ақсақалы, ардагер ұстаз Саламат Шаңғала, ауыл ақсақалы Берік Оспанов және жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты жиынды аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы ашып, жаңа білім ошағының ел игілігі үшін салынғанын атап өтті.
— «Бүгін Қаратал ауылының өмірінде тарихи сәт. Бұл – мемлекетіміздің ауыл балаларына деген қамқорлығының, білім саласына жасалып жатқан нақты қадамдарының бірі. Жаңа бөбекжай балалардың шат күлкісі мен бақытты балалық шағына толы мекен болсын!» — деді аудан басшысы өз сөзінде.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасының өкілі Гүлжан Құлыбекқызы да құттықтау лебізін білдіріп, ауылдағы білім беру инфрақұрылымының дамуына оң баға берді.
Шара барысында бөбекжай тәрбиеленушілері мен ауыл балалары өнерлерін ортаға салды.
Олар тақпақ айтып, ән шырқап, жетіген аспабында әсем әуендер орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кішкентай өнерпаздардың жүрекжарды өнері жиынның шырайын кіргізіп, ауылдың рухын көтерді. Салтанатты рәсімде ардақты ақсақалдар ақ баталарын беріп, жаңа бөбекжайдың табалдырығын игі тілекпен ашса, ауыл аналары шашу шашып, көпшілік бір-бірін қуанышпен құттықтап жатты.
Шара соңында қонақтар мен ауыл тұрғындары естелікке тал отырғызу рәсіміне қатысты.
Бұл игі дәстүр – ұрпақ сабақтастығының, жас ұрпаққа деген қамқорлықтың және өсіп-өркендеудің нышаны ретінде ерекше мәнге ие болды.
Жаңа «Балбөбек» бөбекжай-бақшасы заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталған. Мұнда балалардың дамуы мен қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған: кең әрі жарық бөлмелер, ойын алаңшалары, оқу кабинеттері және жайлы асхана бар.
Бөбекжай бір мезетте бірнеше топтағы бүлдіршіндерді қабылдай алады.
Жаңа нысанның ашылуы Қаратал ауылының әлеуметтік дамуына серпін беріп, ауыл өміріне жаңа тыныс әкелді.
Балалардың күлкісі мен ата-аналардың қуанышы астасқан бұл күн – ел ертеңіне деген сенім мен ізгі ниеттің көрінісі болды.

Related Articles

Back to top button