Хромтау ауданында мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады

Хромтау ауданында жалпы құны 380,9 млрд теңгені құрайтын тау-кен саласының төрт ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов мәлімдеді. Аудан әкімі биылғы жылдың 9 айын қорытындылап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Соның ішінде Хромтаудың инвестициялық әлеуеті мен жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталды.
«Биыл «Казгеоруд» ЖШС-мен «Лиманное» кен орнын игеру жобасы іске қосылған. Жобаның қуаттылығы жылына 2,8 млн тонна, ал тұрақты жұмыспен 266 адам қамтылған. Сонымен қатар «Казхром» компаниясының флотациялық цехы іске қосылып, шылам қалдықтарын қайта өңдеу арқылы экологиялық тиімді өндіріс іске асты. Ауданның инвестициялық картасында тағы бірқатар жобалар бар. «Коппер Текнолоджи» ЖШС жылдық қуаттылығы 500 мың тонна болатын «50 лет Октября» кен орнын игеріп жатыр. Аталмыш жоба 2026 жылы іске қосылмақ. Сондай-ақ Приорское кен орнын игеру жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық іске асқанда, өңірде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде» — деді Нұрхан Тілеумұратов.
Әкімнің айтуынша, Хромтау ауданында жасыл энергетика бағытында үш ірі жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Биыл «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр станциясын іске қосты. Sungrow Power компаниясы қуаттылығы 300 МВт болатын станция салуды бастаған. 2027 жылы іске қосылатын бұл нысан 50 адамды жұмыспен қамтиды. Ал Universal Energy компаниясы қуаттылығы 100 МВт болатын жобаны жүзеге асыруда. Оның іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған, нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Аталған екі жоба бойынша биыл сәуір айында Қытай Халық Республикасымен келісімге келіп, инвестициялық меморандумдарға қол қойылған. Қазіргі таңда Universal Energy компаниясы 16 турбинаның 15-ін орнатып үлгерген, ал жоба толық қуатында 2026 жылдың ақпанында іске қосылады.
Сондай-ақ Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Хромтау моноқаласында 150 гектарлық индустриялық аймақ құрылды. Бұл аймақты дамыту екі бағытта жүзеге асырылмақ, біріншіден, 20-дан астам жаңа өндіріс орны ашылып, өңдеу өнеркәсібінің деңгейі үш есеге артады. Екіншіден, тау-кен саласынан тәуелсіз өндіріс бағыттары дамытылады, соның ішінде құрылыс индустриясы басым бағыттардың бірі болмақ. Жалпы, іске асырылып жатқан жобалар нәтижесінде Хромтау ауданында мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді деп күтілуде