АҚТӨБЕЛІК ОҚУШЫЛАР 4 МЫҢ АСЫҚТАН КИІЗ ҮЙДІҢ МАКЕТІН ЖАСАП ШЫҚТЫ

Киіз үй макетінің салмағы 15 келі болып тұр. Асықты бірнеше облыстың оқушылары жинап берді. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Туған елге тағзым» зерттеу эспедициясына қатысты. Ақтөбемен қатар Астана, Өскемен, Тараз қалаларынан оқушылар келіп, жоба дайындады.
Биылғы жоба ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.
— Оқушыларға алдын ала хабар беріп, асық ала келуді сұрадық. Себебі 4 мың асықты табу қиын. Оған дейін ақтөбелік балалар картон қағаздан киіз үй макетін жасап қойды. Ал өзге өңірдің оқушылары келген соң өздері желіммен жабыстырды. Салмағы – 15 келі. Диаметрі – 1 метр, биіктігі – 80 см. Сонымен бірге негізгі мақсат – табиғатты қорғау. Тек экологиялық таза материал қолданылды. Бұл да белгілі бір құндылықты үйретуге мүмкіндік берді, — деді Назарбаев зияткерлік мектебінің Ақтөбедегі директоры Қайырбек Сәбитұлы.
Оның айтуынша, балалар қазір асық ойнағанды ұнатады. Үзілісте, бос уақыттарында ұлттық спортпен де шұғылданады.
Еске салсақ, топай асық жинаған ақтөбелік Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Ол 3 мыңнан астам топай асық жинады. Гиннесс рекордтарын жаңартып, жинаған асығынан үлкен мүсін жасауды армандайды.
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА,
kaz.inform.kz



