МЕРЕКЕЛІК ТУРНИР ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫ
Осыдан 31 жыл бұрын Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – мәслихаттар құрылды. Бұл айтулы оқиға мемлекет пен қоғамның даму тарихының жаңа бетін ашты. Мәслихаттар құрылған отыз жылдан астам уақытта демократияны нығайтуда, облыс экономикасын дамытуда, халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. 1994 жылы наурызда елде жергілікті өкілді органдарға алғашқы сайлау өтті.

Барлық жерде облыстарда, қалаларда, аудандарда мәслихаттар – депутаттар жиналыстары құрылды. Соған орай былтыр біздің ауданда да ауқымды шаралар ұйымдастырылған-ды. Соның бірі ойылдықтардың оң жамбасына келетін мекеме қызметкерлері арасында волейболдан өткізілген турнир еді. Биыл да осы жарыс жалғасын тауып, аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері арасында волейболдан аудандық турнир өтті.
Турнирдің ашылуына аудан әкімі Асқар Қазыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин, аудандық мәслихат депутаттары Жангүл Ізғарина және Мұстафа Бисембаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Арыстанов, спорт саласының ардагерлері және бірқатар мекеме басшылары қатысты. Турнирдің ашылуында аудан әкімі Асқар Қазыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, салауатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Турнирге қатысуға 14 команда тілек білдіргендіктен, бірнеше топқа бөлініп, бір күндік жарыс бірнеше алаңда қатар өтті. Тартысты өткен кездесулер барысында командалар жоғары дайындық танытып, әр ұпай үшін қызу күрес жүргізді. Көрермендер спортшылардың техникасы мен шеберлігіне тәнті болды.
Жарыс нәтижесі бойынша Ойылда волейболдың өркендеуіне өздерінше үлес қосып келе жатқан «Ойыл электр желісі командасы» қол а жүлдеге қол жеткізсе, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жігіттері финалда ғана жеңіліп, турнирдің күміс жүлдесіне иеленді. Ал, бас жүлдені салуатты өмірді спортпен ұштастырған «Ойыл аудандық полиция бөлімі» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар, жақсы ойын өрнегін көрсеткені үшін «Өрт сөндіру бөлімі» командасы ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жеке номинациялар бойынша Исатай Саржігітов «Үздік қорғаушы» атанса, Әли Еркінов «Үздік байланыстырушы» деп танылды. Ал, қазылар алқасы турнирдің «Үздік ойыншысына» тігілген жүлдеге Бекарман Жонысовты лайық деп таныды. Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ауыспалы кубок, мадақтама, медальдар табысталып, командалар қаржылай марапатталды. Және де ойында белсенділік танытқан 5 жас жігіт ынталандыру сыйлығымен аудандық мәслихат депутаты, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жангүл Ізғаринаның атынан алғыс хатпен марапатталып, сый-сыяпаты табысталды.
Бір айта кетерлігі, бұл турнирдің өтуіне аудандық мәслихаттың бірнеше депутаты демушілік көрсетті.



