Спорт
ҚАРАТАЛДЫҚ ЖІГІТТЕРДІҢ ҮЛГІСІ
Ш. Берсиев атындағы мектептің 1999 – жылы бітірген түлектерінің 25 жылдық кездесу құрметіне орай Қаратал ауылының 1982 жылы туылған жігіттердің ұйымдастыруымен 35 жастан жоғары спортшылар арасында волейболдан турнир өтті. Дүбірлі додаға Ойыл ауданына қарасты Көптоғай, Амангелді, Қараой, Қаратал, Саралжын, Саға, ауылдарынан және Ойыл ауданына қарасты ауылдарының 1970 жылғылардан бірлескен ардагер командалары қатысты.
Волейбол турнирінің басты мақсаты – аудан аралығындағы ауылдардың достық қарым-қатынасын нығайту, су тасқынынан кейінгі ауыл азаматтарының көңілдерін көтеріп, салауатты өмір салтына шақыру.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне түлектердің ұстазы Есен Максимов, ҚР волейболдан спорт шебері Жәнібек Бисенбаев, ардагер спортшылардың белсендісі Айбек Абдрешов қатысып, түлектерді 25 жылдық мерейтойларымен құттықтап, жарысқа қатысушы командаларға сәттіліктер тіледі.
Құттықтаудан кейін мемлекеттік Әнұран шырқалып, командалар жеребе бойынша топтарға бөлініп, жарыстарын бастады.
Түскі үзілісте барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан «Шахризада» мейрамханасында жайылған дастарқаннан дәм татып, турнирді ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Ауданымыздың абыройын асқақтатып, ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған осындай шаралар бұдан кейін де тұрақты өткізілетіндігі айтылды.
Жеңіс үшін талаптанған 7 команда ойыны жарыс көркін қыздырды. Спорттық жарыс өте тартысты өтті.
Әсіресе 62 жасқа толса да жастардан кем ойнамаған Саралжын командысының спортшысы Жәнібек Бисенбаев мықты ойыншы екендігін дәлелдеді. Тартысты да қызықты өткен жарыстың нәтижесінде 1-орынды «Саға» командасы жеңіп чемпион атанса, жүлделі екінші орынды «Саралжын» командасы, үшінші орынды «Көптоғай» командасы қанжығасына байлады.
Ұйымдастырушылар барлық женімпаздарды дипломдармен, кубоктар және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, «Үздік шабуылшы», «Үздік байланыстырушы», «Үздік қорғаушы», және «Ардагер ойыншы» номинациялары бойынша ескерткіш сыйлықтар табысталды. Барлық медальдар мен ескерткіш сыйлықтар арнайы тапсырыс арқылы 25 жылдық кездесу логотипімен жасалынған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түлектер ауылдың су тасқынынан зардап шегуіне байланысты кездесуді кейінге шегеріп, жинаған қаражаттарына қазақ үйлер алып, туып өскен ауылдары Қараталға 12 қазақ үй табыстаған болатын.
Жақсылықты жарастыруға тырысып жүретін түлектер әр кездесу мерейтойларында ауыл игілігі үшін қажетті сыйлар табыстап, спорттық шаралар ұйымдастыруды үрдіске айналдырған.