Басты тақырып

ҚАУІПТІ ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ!

Жайлы күз желтоқсанның ортасына дейін жалғасты. Кенеттен жауған қар алай-дүлей боранға ұласып, қатты аяз буып тұр. Әрине, құтқару қызметі ауа-райының күрт бұзылатынын дамылсыз ескертіп жатты. Соған қарамастан етек-жеңін жинап үлгермегендер опық жеп қалды.

Рас, қыстың сәні — қар. Әрине, «кәрі құданың» ертең қандай «сый» ұсынарын ауа-райын болжаушылар топшылап бақылап отыр. Дегенмен, қыста қауіпті қайдан деуге болмайды. Кешегі үш күнгі боран қыс мезгілінің қандай болатынын есімізге салды.
Бірақ, содан сабақ алсақ, кәне? Қыста қар түссе қауіптің күшейетіні анық. Әсіресе ұзақ жолға шығатын көлік жүргізушілері қиындықпен бетпе-бет келеді.
Соңғы күндері елімізде қар жауып, соңы боранға ұласып жатыр. Бұл жолда жоғары жылдамдықпен жүргендерді ажалмен беттестірмесіне де кепілдік жоқ. Сондай-ақ ауданға келетін, кететін көліктердің, жолаушы тасымалымен айналысатындардың қарасы қалың.
Сондықтан жолға шығар алдында мұқият ауа райы болжамын зерделеу керек.
Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтау маңызды.
Бұдан кейін төтенше жағдай бола қалған жағдайда «темір тұлпардың» уақытша панаға жарауын қаперде ұстау керек.
Әсіресе, қазіргі күні мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруалар ескерер жәйт көп. Қыстың қысқа күні мал іздеп бейнетке ұшырап қалу қаупі жоғары.
Қыста балық аулауға құмарлардың да қаперге алары көп. Ауа райы мың құбылатын мерзімде жолаушылар мен көлік жүргізушілерінің амандығы маңызды.
Қарлы боранның ұйытқығанына, төпелеп жауған қарға, жолдың көктайғақ мұзға айналғанына қарамастан алыс жолға шығатын тұрғындар кездеседі.
Тіпті, құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспай, өз өмірлеріне қауіп төндіріп жатады. Міне, осындай әрекеттер оқыс жағдайлардың туындауына себеп болады.
Демек, қыс мезгілінде сақтық шараларын барынша ескерген жөн. Тіпті, Тәңірінің өзі әуелден «Сақтансаң, сақтаймын!» — дейді. Яғни, сақтық та қорлық жоқ.
Өзің де бейнетке ұшырамайсың, жұртты да әбігерге салмайсың! Сондықтан, «Құтқару қызметінің» ескертпе хабарламаларын уақытында оқып, қаперге алып жүру керек!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button