ӘлеуметБасты тақырып
Музей — тарих пен тағылымның ордасы
Шығанақ берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі Ойылдың қақ ортасындағы Байсалбай Жолмырзаев көшесінің бойында орналасқан. 2003 жылдың 10 қыркүйегінде құрылған айтулы мұражайдың қорында 5254 құнды жәдігер сақталған. Қазіргі таңда музейде 8 көрме залы жасақталған. Жалпы музей қорына жыл басынан бері 147 жәдігер тапсырылып, 1890 адам тамашалаған. Құрылғанына небары 15 жыл толған мұражайдың қорында XVIII ғасырдың көне жәдігерлеріне дейін толып тұр. Сонау жаугершілік заманындағы пайдаланылған жебелердің ұштары көптеп кездеседі. Ел үшін тер төккен тау тұлғалардың ерен еңбектері мен сайын даланың қойнауындағы көне дәуірдің жәдігерлерін жинақтап, қорғалып, сақталған айтулы музей бүгінгі күнде ауданның абыройын асырып тұр.
Музей қызметкерлері
Бүгінгі күнде аталмыш музейде Балқия Рысбаеваның басшылығымен 10 адам қызмет етеді. Айналасына үлкен ауызбіршілікпен танылған ұжымның әрбір қызметкері ауданның тарихын танып білемін деушілерге әрқашан қызмет көрсетуге дайын екенін нық сеніммен айта аламыз.
Дулат Исабаев, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің экскурсия жетекшісі.
Менің негізгі жұмысым аудандағы ересектер мен мектеп оқушыларына, студенттерге жалпы аудан жұртшылығы мен қонақтарына ауданның тарихы мен өлкесін таныту. Негізгі келушілердің жас айырмашылығына байланысты ересектер арасында «Көкжар» жәрмеңкесі мен тұлғаларына қызығушылықтары жоғары. Ал оқушылар этнография, табиғат залдарына көбірек назар аударады. Сонымен бірге киіз үйдің ішіндегі қазақтардың тұрмыста пайдаланылған жәдігерлерін қызықтайды. Атап өтсек, музейге шетелден келген туристер Ойыл бекінісі мен Көкжар жәрмеңкесін, Шығанақ атамыздың қалай рекорд жасағаны жөнінде мәлімет алып, Ойыл жерінде пайдаланылған әшекей-бұйымдарды көбірек тамашалайды.
Медет Құлмұқанов, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қор сақтаушысы.
Мен негізінен экспонаттар жинаумен айналысамын. Табылған тарихи жәдігерлерді тіркеп, зерттеп, музей қорына сақтаймыз. Бізде қосымша қор, негізгі қор деген бар. Қосымша қорға фото суреттер мен құнды құжаттар кіреді. Олар бірнеше этаптардан өтіп, сипатталып, ең соңында қорға жинақталады. Негізгі қорға заттай жәдігерлеріміз жиналады. Оған құнды, көне заттар мен археологиялық ескерткіштеріміз, метал, мүсін бұйымдары жатады. Біздің өңір қазақы аудан болғаннан кейін мұражайға көбіне жастағаш сынды тұрмыстық жәдігерлер тапсырылады. Музейге берілген әрбір жәдігерлерге міндетті түрде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оған көптеген уақыт кетеді. Сондықтан жергілікті тұрғындар тапсырған жәдігерлер бірден музейге қойылмайды.
Жоғарыдағы суретте көрсетілген көне бұйымдар XVI-XVIII ғасырларға тиесілі. Музейдің ең көне жәдігері ретінде этнография залынан орын алған. Түркістан қаласында, шығыс моншаларында қолданылатын бақыраш, құмыралардың жасалу технологиясы ерекше. Сырты метал жезден жасалса, ішкі беті қалайыдан құйылған. Сонымен бірге көне жәдігердің тағы бірі 1682 жылы Көкжар жәрмеңкесіне шығарылған әтір.
Музей тарихы
Ақтөбе облысы әкімиятының 2003 жылғы 10 қыркүйектегі № 254 қаулысымен«Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі» мемлекеттік мекемесі болып құрылды.
Ақтөбе облысы әкімиятының 2005 жылғы №36 қаулысы негізінде «Бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бекіту туралы» Облыс әкімдігінің 2004 жылғы 30 желтоқсандағы №414 қаулысын іске асыру мақсатында облыстық бюджетке берілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29-қыркүйектегі № 944 қаулысымен Қазақстан Республикасының білім беру және мәдениет ұйымдарын атау мен қайта атау туралы тізбесімен Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейіне қоғам қайраткері Шығанақ Берсиевтің есімі берілді.
Ақтөбе облысы әкімінің 2013 жылдың 28 желтоқсан күнгі № 423 қаулысына сәйкес «Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі» коммунальдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.
Музей жетістіктері.
Музей 2007 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік музей» деп танылып алғашқы жетістігіне қол жеткізсе, кейін 2017 жылы музей директоры Рысбаева Балқия Тлеужанқызы Ақтөбе облысы бойынша Ақтөбе облысының Саясаткер әйелдер Клубының мүшесі және сертификат иегері болды. 2017 жылы ауданның мәдениет саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сол жылы 8-9 қарашада Атырау облысында өткен «Ибн Батуганың Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатынасты.
2017 жылы 11-12 мамырда экскурсия жетекшісі Дулат Исабаев Астана қаласында өткен «Музей қызметін иновациялық дамыту мен ақпараттандырудың өзекті мәселелері» атты республикалық форумға қатынасушы және сертификат иегері.
2017жылы 12 мамырда қор сақтаушысы Медет Құлмұханов Халықаралық музейлер мен Мәдениет және өнер қызметкерлері күндеріне арналған «Үздік музей қызметкері» атты облыстық байқауының І орын жүлдегері .
2018 жылы «Жас археолог» үйірмесінің жетекшісі «Болашаққа бағдар – жаңартылған білімнің өзекті мәселелері» тақырыбында мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне және жас ғалымдарға арналған ІІІ Республикалық ғылыми – тәжірибелік конференциясына ат салысып, жоғарғы деңгейдегі жеңімпаздардың жетекшісі.
Сонымен бірге жуырда ғана Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің облыстық «Рухани қазына» фестивалінің қорытындысы бойынша Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Үздік аудандық музей» атағына ие болса, дәл осы фестивальде музей қызметкері Медет Құлмұқанов «Үздік аудандық музей қызметкері» атағымен марапатталды.
— Балқия Тілеужанқызы алдымен музейге алғаш келген кезіңізде жасалған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
— Мен аудандық музейге директор болып, 2005 жылдың ақпан айында келдім. Ол кездегі музейдің жалпы құрылымы, оның ғылыми экспозициялық жоспары өте өзгеше болатын. Себебі 2003 жылы алғаш құрылған музейдің іші фотоқұжаттар мен ауданның тарихын қамтитын ксерокөшірмелерден жасақталған. Сол уақытта жәдігерлер саны да аз болды. 2006 жылы ауданымызда атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің 125 жылдығын Республикалық деңгейде атап өту көзделіп, осыған байланысты музейге толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу керектігі арнайы жоспарланды. Сондықтан облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі басшысына барып, музейді жалпы жөндеуден өткізіп, оның ғылыми экспозициясын құру керек туралы мәселе көтердім. Әрине, бұл мәселе бірден шешімін таппады. Әйтсе де араға аз-мұз уақыт өткізіп, аталған жұмыстарды жүргізуге демеушілік көмекпен қаражат бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстары жасалғаннан кейін ғылыми экспозициялық құрылымын жасауға ғылыми жетекшілік еткен облыстық музейде көп жылдардан бері қызмет жасаған өнердің қайраткері Рысты Досова апамыз көп көмегін берді. 2006 жылы күрделі жөндеуден өтіп, толықтай жаңартылған мұражай Шығанақ Берсиевтің 125 жылдығында қайта іске қосылды. Кейін осы музейге атақты диқан Шығанақтың атын беру туралы жұмыстандық. Жұмысқа деген құштарлықтың арқасында аталған мәселені шешуде тағы да жоғары жаққа мойынсынып тынымсыз тер төгуге тура келді. Туған жердегі тарихи музейдің атын ақ тарының атасы Шығанақ атамызға қалайда алып беру үшін тәуекелге бел байлап, облыстық онамистикалық бөлімі мен облыстық әкімдікке хат жазып, арнайы 5 айдай уақытымды бөлдім. Әрине алғашында әлемдік рекордты жаңартқан тау тұлғаға музей атын беру оңай болмады. Кейін кіршіксіз еңбек пен тынымсыз тер төгудің нәтижесінде аудандық музейге Шығанақ Берсиевтің аты берліді.
— Қазақ даласының әр тасы тарихқа толы. Сан ғасырлық сырын ішіне бүккен тарихты ашу үшін әр мемлекеттің ішкі шекарасында шек болмайды. Ендігі сауал көршілес аудандардың тарихы мен тұлғаларын танып білу де қаншалықты жұмыстар жасалынуда?
— Біздің басты мақсатымыз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасап, оның құндылығын сақтап қалу. Сондықтан жан-жақпен зерделеу жұмыстарын жасап, қалып бара жатқан, халық естімей қалады-ау деген бүкіл тарихын көрсетіп келеміз. Осы мақсатта көптеген жұмыстар жасалынуда. Атап өтсек, Атырау облыстық тарихи музейінде Халел Досмұхамбетов ағамызға байланысты алаш ізімен деп үлкен ғылыми-зерттеу экспедиция ұйымдастырдық. Экспедициялық іссапарымыздың арқасында Халель Досмұхамбетов туралы көптеген мәлімет жинап алдық. Сонымен бірге Орал облыстық музейімен, соның ішінде Жымпиты селосындағы Сырым Датұлы атындағы музеймен тығыз байланыс жасап келеміз. Жымпиты алаштың орталығы болған. Қазір осы екі аралықты терең тарих жалғап жатыр. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Мұхит Мералы атындағы мемориалдық музеймен де бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Сонымен бірге аудан орталығында көршілес Байғанин, Темір ауданының көрмелерін өткізіп келеміз.
— Әрине туған жердің тарихын білу әр азаматтың міндеті. Жалпы аудан тұрғындарының мұражайға қызығушылығы қандай?
— Біздің әуел бастан қолға алған жұмысымыз этнопедогогика және музей педагогикасы. Сондықтан аудандағы барлық мектептермен бірге балабақшалармен де тығыз байланыс жасап келеміз. Кішкентай кезінен келген бала өз елінің тарихына ұмтылып, ұлттық рухты бойына сіңіріп өседі. Өткенін білу арқылы алға ұмтылады. Өйткені тарихты ешкім өзгертіп, ескірте алмайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ даласының әр сайы, әр қыры үлкен тарихты айтады. Дегенмен осы суықта пана болған, ыстықта төзім болған тарихи тұлғалар бар.Біз оларды ұмытпау керекпіз» демекші, біз осы мақсатта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр ауылдық жерлерде дөңгелек үстелдер мен пікірлесу сағаттарын және көптеген тарихи танымдық іс-шаралар өткізіліп келеді. Жалпы бізде тарихтан сыр шертіп тұрған, ешкім біле бермейтін киелі жерлер көп. Оның барлығы музей қызметкерлерінің назарынан түскен емес. Атап өтсем, тарихи жерлердегі зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін биыл 65 адамнан құралған «Өлкетанушылар» клубын құрдық.
Балқия апай бағана айтылған жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Сіз көптеген жұмыстарға ұйытқы болып келесіз. Музей тек жалақы алатын қызмет орны емес. Бұл жерде шын жанашыр, өз ісін шексіз сүйетін адам еңбек етуі керек деп ойлаймын.
Сауалыңыз орынды. Адам бір орынында тұрмайды. Сондықтан өзіңнің артыңа шәкірт дайындап кету бұрыннан бар үрдіс. Өйткені осы күнге дейін жасаған жұмыстарың мен ауданның беделі мен болмысын да көрсететін сол шәкіртің. Ол орныңды әрі қарай үздіксіз жалғастырып кетуі тиіс. Ең басты мақсат адамның бойында жұмысқа деген махаббаты болуы керек. Сонда ғана ол барлық қиындыққа төзе біледі.
Бізге нағыз музейдің жанын түсінетін, жұмыс жасай алатын адам қажет. Менің қарамағымда ондай мамандар бар деп ауыз толтыра айта аламын. Өйткені біздің ұжым бірлесіп жұмыс жасауға әбден машықтанған мамандардан тұрады.
Қай уақытта да іске бейім маман даярлау әр басшының қолынан келері сөзсіз. Ендеше соңыңыздан ерген ізбасарларыңыз көп болсын дейміз.
Сұхбатыңызға рақмет!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.